Экономика

«Әулиеата Феникс»

«Әулиеата Феникс»

21

Байзақ ауданы Мырзатай ауыл­дық округіндегі бұрынғы құс фабрикасының бір бөлігін кәсіпкер Фарида Жүнісова – 2010, қалғанын 2012 жылы сатып алды. Сөйтіп, өз қаржысына ет бағытындағы бройлер тауығын өсіретін фабрика салуды бастады. Бұл іске 2012 жылдың қазан айынан кіріскен кәсіпкер әуелі кәсіпорынның ауласын қоршап, тауық­ханалар соғып, төбесін жапты. Алып құрылысты салып, пайда­лануға беру үшін қыруар қара­жат керек. Ол  қолға алған ісін баянды ету үшін мемлекет көмегіне сүйенді. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, ол ұсынған жоба Аймақтық үйлестіру кеңесінде қолдауға ие болды. «Құс фабрикасын қайта жарақтандыру» жобасы Индустрияландыру картасына енгізілді. Жобалық-сметалық құжат құны – 1750,4 миллион теңге. Ол іске қосылып, толық қуатында жұмыс істегенде жылына 3500 тонна бройлер еті өндіріледі. Мұның өзі облыс тұрғындарының осы тағам түріне деген сұранысының денін өтеуге мүмкіндік береді. Бір бөлігі еліміз аумағына өткеріледі. Өзімізде өндірілген өнімнің бағасы біршама арзан әрі экологиялық жағынан таза болатыны сөзсіз. Құрылысты «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландыруда. Кәсіпорын пайдалануға берілген кезде жаңадан 108 жұмыс орны ашылады. Мұнда жылына 2 миллион құс өсіріледі. Жұмысқа оның маңында орналасқан Мырзатай, Диқан, Еңбек және Жетібай ауылдарының азаматтары тартылады. Нысанға заманауи үлгідегі жабдықтар орнатылады. Олар Голландиядан әкелінеді. Серіктестік басшылары кәсіпорын аумағында қосымша тағы екі цех салып, бірінде тауық етін өңдеп, шұжық, келесісінде құстың ішек-қарнын кәдеге асырып, ұн өндірмек. Ұн азық ретінде құстарға беріледі. Құрама жем әзірлейтін цех салынады. Мұның өзі қосымша 30 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде кәсіпкерлерге үлкен қолдау-көмек көрсетілуде. «ҚазАгроҚаржы» АҚ бізге несиені 6 пайыздық өсіммен беруде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шын мәнісінде ТМД-да баламасы жоқ бағдарлама. Оның аясында өндірістік инфрақұрылым бағыты бойынша бөлінген 547 миллион теңгеге үлкен шаруа еңсерілуде. Бұл қаржыға осында су, электр және газ жүйесі тартылуда. Таяуда бағдарлама шеңберінде тазарту құрылғысы салынады, – дейді «ӘулиеАта Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Фарида Жүнісова. Құс фабрикасын қайта жарақтандырумен Мейірбек Жүнісов жетекшілік ететін «Тараз құрылыс-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұғылдануда. Жүзден астам құрылысшы нысан басына ерте келіп, кеш кетіп, еңбек көрігін қыздыруда. – Жоба бойынша біз нысан құрылысын жыл аяғында бітіріп, іске қосуға тиіспіз. «ҚазАгроҚаржы» АҚ қажет қаржымызды кесте бойынша босатуда. Қажетті құрылыс материал­дары кідіріссіз жеткізі­луде. Голландиядан жабдық­тар әкелінген соң оны орнату үшін тағы да 100 адам жұмысқа тартылады. Кәсіпорынды белгі­­­ленген мерзімде іске қоса­тынымызға сеніміміз мол, – дейді Фарида Жүнісова.

Ақылжан Мамыт,  «Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Суреттерде: Ф. Жүнісова; қайта жаңартылып жатқан ғимараттар. Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.