Мәдениет

Мәдениет саласында мәйекті жұмыс көп

Мәдениет саласында мәйекті жұмыс көп

Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев БАҚ өкілдерінің алдында саладағы бүгінгі ахуалды жан-жақты қозғап, баяндама жасады. Оның сөзіне сенсек, атқарылған істер аз емес. Орындалған жұмыстардың бәрі Елбасының Жолдауларынан, «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала елі» идеяларынан, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. 

Өткен жылы облыстың мәдениет саласын қаржыландыруға 5 миллиард 427 миллион қаражат бөлінген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша соңғы төрт жылда 111 мәдени нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіпті. Ал биыл облыс бойынша 13 мәдени нысан жөндеу жұмыстарынан соң қыздың жасауындай жайнайтын болады. Басқарма басшысы өткен жылы Елордадан бастау алып, Таразда аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына мәдениет қызметкерлерінің қосқан үлесін ерекше атап өтті. Облысымызда 287 мемлекеттік кітапхана болса, олардың 258-і компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген. 239 кітапхана интернет желісіне қосылып, заман талабына сай жұмыс жасап тұр. Интернетке Жамбыл, Шу, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарының жүз пайыз қосылғаны көңіл қуантады. Облыстағы 1550 мәдениет, мұрағат, құжаттама саласы қызметкерлерінің 1033-і жоғары білімді екен. Жыл ішінде қол жеткізген толағай жетістіктері үшін Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі облыс әкімінің арнайы жүлдесі «Газель» автокөлігін ұтып алыпты. Өзге аудандық мәдениет бөлімдеріне құны 2 миллион теңге тұратын дыбыс күшейткіш аппараттары табыс етіліпті. Жиында «Көктем» халықаралық өнер фестивалінің Таразда жоғары деңгейде өткені, айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың 60 жылдық мерейтойы да үлкен деңгейде ұйымдастырылғаны айтылды. Басқарманың биылғы жылға белгіленген жоспарлары да қомақты. Жақында ғана жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналып жыршы-термешілердің республикалық байқауы өткізілгені белгілі. Алдағы мамыр айында Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың қатысуымен «Тыңда мені, Жамбылым!» ән кеші Жуалы ауданында өткізілуі көзделсе, Сарысуда қобызшы Ы.Дүкенұлы атындағы қобызшылар байқауы өтпек. Шу ауданында Аяз Бетбаев пен Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылығынан байқау өткізу дәстүрге айналмақшы. Таласта ақын Серік Томановтың туғанына 60 жыл, дәстүрлі әнші Алтынбек Оразбековтің туғанына 75 жыл толуына орай іс-шаралар жүзеге асады. «Тұңғышбай Әл-Тарази шақырады» халықаралық фестивалі де жалғасын табады. Облыстық қазақ драма театрының 80 жылдық мерейтойы да биыл тойланады. Облыстық ақындар айтысын өткізу де жоспарда бар. Соңынан басқарма басшысы Дүйсен Бықыбаев БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Есет Досалы, «Ақ жол».