Әлеумет

«Әйелдерді еркектерден көп дейді...»

«Әйелдерді еркектерден көп дейді...»

Облыс халқы 1 миллион 111 мың адамға жетті

Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Инга Шевцова БАҚ өкілдері алдында хабарлама жасады.

Статистикаға сүйенсек, жыл басында облыс халқының саны 1 миллион 111 мың адамды құраған. Былтырғымен салыстырғанда 12,2 мың адамға өскен. Тұрғындардың 40,5 пайызы – қалалық жерде, 59,5 пайызы ауылдық жерде тұрады екен. Деректер әйелдердің ерлерге қарағанда 20,2 мың адамға артық екенін көрсетіп отыр. Инга Шевцованың айтуынша, былтыр облысымызда жалақының орташа мөлшері 87 мың 700 теңгені құраған. 272,2 мың адам өз бетінше жұмыспен қамтылған. 512,6 мың жалдамалы жұмысшы тіркеліпті. Жұмыссыз тұрғындар саны 26,7 мың адамды құрайды, 2014 жылмен салыстырғанда 3,3 пайызға азайған. Облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз болса, оның ішінде әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайызды құрайды екен. 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда едәуір ілгерілеу бар . Өткен жылы 17,3 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы аяқталған. Ал азық-түлік бағасына келсек, есепті кезең ішінде азық-түлік тауарларының бағалары 1,1 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 0,9 пайызға қымбаттаған. Атап айтқанда, фармацевтикалық өнімдер – 7,8 техника – 3,7 зергерлік бұйымдар мен киім, аяқ киімдер 1 пайызға ғана көтерілген. Инга Шевцова журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Сауалдың дені азық-түлік бағасына қатысты болды. Инга Анатольевна халыққа ең қажетті азық-түлік бағасы бұрынғы мөлшерде сақталғанын айтты.

Есет Досалы, «Ақ жол».