31 жұмыс орны ұсынылды
31 жұмыс орны ұсынылды
Тараз қаласы жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған еңбек жәрмеңкесінде 14 жұмыс беруші 31 бос жұмыс орынын ұсынды. Жалпы, көктем туса, маусымдық жұмыстар көбейетіні белгілі. Сондықтан болар, бұл жолы жәрмеңкеде 25 адамды ақылы қоғамдық жұмыспен қамту көзделіпті. «Бақытты балалық шақ» акциясы аясында ұйымдастырылған аталған шара бизнес-қауымдастықтарды тарта отырып, аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасындағы кәмелет жасына толмаған балалардың ата-аналарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталғанын айта кету керек.
Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айнұр Жұмабекова жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілердің арасында жәрмеңке арқасында тікелей байланыс орнағандықтан тұрғындардың өздеріне лайықты жұмыс табуына мүмкіндік туып отырғанын, биылдың өзінде осымен үш мәрте жәрмеңке ұйымдастырылғанын, осы айдың өзінде әлі үш жәрмеңке өткізілетінін мәлімдеді. – Біздің мекеме жәрмеңкеге 4 бос жұмыс орнын ұсынды. Олар – аудармашы, көлік жүргізушісі, электрик және аула сыпырушы. Жәрмеңке арқылы қажетті мамандарды жұмысқа тарттық, – дейді облыстық балалар ауруханасы кадр бөлімінің меңгерушісі Ақбөпе Қоңырбаева. Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілердің 110-ы сұхбаттасуға жіберілсе, 3-еуі жастар тәжірибесімен жолдама алып, 19-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстаннан, Жамбыл өңіріне қоныс аударған Баян Мамыталиева жұмысқа тұрғанына қуанып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. – 2013 жылы Ақмола облысы, Көкшетау қаласында Ш.Уалиханов атындағы көп салалы колледжді туризм-спорт менеджері мамандығы бойынша бітірдім. Туған өлкемде бір жылдай жұмыс істеген соң, отбасымызбен осында көшіп келдік. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рахмет! Себебі, облыс әкімдігінің «Әулиеата» ат спорты клубынан өз мамандығым бойынша жұмыс таптым, – деді ол.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Тараз.