Денсаулық

Түркияда «Қазақ елі» басылымы жарық көрді

Түркияда «Қазақ елі» басылымы жарық көрді

 Қазақ және түрік баспасөзі «Қазақ елі» деп аталатын жаңа басылыммен толықты. Жаңа журнал Ыстамбұлда қазақ және түрік тілдерінде басылады.

«Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының  бастамасымен жарық көрген «Қазақ елі» атты журналымыз қазақ және Түркі әлеміне пайдалы болуына тілектеспін. Жарық көрген журналымызда Қауымдастығымыздың іс-шараларын қоғамдық өмірде болып жатқан жаңалықтарын құрметті оқырмандарға жеткізіп, арамыздағы жетістіктерді таныстыра отырып, мәдениетімізден де үзінділер ұсынамыз. Түрік әлемінде болып жатқан күнделікті жаңалықтарды зерттей отырып, Сіздерге жеткізуге тырысамыз», - деді Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының президентті Серкан Дінштүрік.

Журналдың алғашқы санында Еуразия университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашевтың «Қазақ елі», Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың Қазақстан мен Түркияның байланыстары туралы, Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының құрметті төрағасы Якуп Жанның «Мақсатымыз Қазақ еліне лайықты жастар тәрбиелеу», Еуразия түрік қауымдастығы федерерациясының  төрағасы Исмаил Женгиздің «Түркі әлемінің жарқын келешегі»,  Хызырбек Гайреттулахтың «Көш», Құддус Чолпанның «Зуқа батыр», Ерлік Ержанұлының «Өсімдіктердің төл атауын қалпына келтіруге бола ма?» деген мақалалары жарияланды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан хабарлағандай, жаңа басылымды Түркиядағы Қазақ түріктері білім және зерттеу қауымдастығы шығарып отыр. Жыл сайын аталған қауымдастық ең аз дегенде 25 студентке шәкіртақы тағайындап отыр.

Сондай-ақ, қазақ зиялылары мен оқымыстыларын таныту мақсатында конференциялар ұйымдастыру және оларды көрсету жөнінде материалдар әзірлеуді, қазақ тарихы және әдебиеті жөнінде әр жылы ең аз дегенде 2 кітапты түрікшеге аудартуды мойнына міндет етіп алып отыр.

Қауымдастық биыл Ыстамбұлда Наурыз мерекесін тойлауды қолға алып отыр.