Құқық

Кәсіпкерлік кодексін білесіз бе?

Кәсіпкерлік кодексін білесіз бе?

Жаңа заңнамалар түсіндірілді

Техникалық реттеу мәселелерін қарастыру жөніндегі өңірлік штаб мәжілісі өтті. «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» облыстық филиалы, облыс бойынша техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті ұйымдастырған басқосуды штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ашып, жүргізіп отырды. Жиынға штаб мүшелерімен қатар облыс әкімдігінің басқармалары мен департаменттер өкілдері, облыстық кәсіпкерлер палатасының және облыстың мекеме, ұйым, кәсіпорындары жетекшілері қатысты.

Отырыс барысында аталмыш өңірлік штабтың жаңа құрамын бекіту, жаңа заңнамаларды түсіндіру жұмыстары бойынша бірқатар мәселелер қаралды. Өңірлік штаб төрағасы Тимур Жанке қарастырылып отырған жаңа Кәсіпкерлік кодексінің заңдарды жинақтау мақсатындағы жұмыстарды жүйелеудегі тиімділігін айтып, бұл бизнес және іскерлік қарым-қатынастар қызметін реттейтін барлық құқықтық актілерді бірыңғай түсінікті база ретінде қалыптастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, Кәсіпкерлік кодексінің енуіне байланысты Қазақстан Республикасының 6 заңы, соның ішінде «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заң күшін жойғанын білдік. Ол ғана емес, кәсіпкерлердің жауапкершілігін лицензиялау және бақылау кезінде мемлекеттік органдардың мемлекеттік бақылау және қадағалау тәртібі айқындалып, осы тұрғыда жеке кәсіпкерлердің өздерінің жауапкершілігіне көп көңіл бөлінетін болады. Сонымен қатар, жиында «ҚазСтИН» Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев Инвестициялар және даму министрінің өткен жылғы «4» 12 №1158 бұйрығымен бекітілген «Стандарттау жөніндегі сілтемелік-нормативтік құжаттарды қолдану қағидалары» бұйрығының жүзеге асырылуы туралы қысқаша мәлімет келтірді. Ал Тараз қалалық әділет басқармасының басшысы Гүлнәр Кушекеева Кәсіпкерлік кодексті жан-жақты талдап, осы тұрғыдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің бөлім басшысы Молдабек Мирамов «Азық-түлік өнімдері және оларды таңбалау», «Ұлттық сараптау орталығы» Жамбыл филиалы АҚ-ның стандарттау бөлімінің басшысы Татьяна Борода «Ғимараттар және құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» жобалары бойынша өз ойларын ортаға салды. Кейбір заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістерді түсіндіруге, сондай-ақ Кеден одағының техникалық регламенттерін талқылауға байланысты бизнес-мәселелерді сәйкестендірудегі ұсыныстар мен проблемаларды шешуге көмек көрсету мақсатында өрбіген әңгіме барысында кәсіпкерлер өзара пікір алмасты. Соңынан сала мамандарына нақты міндеттер жүктелді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».