Әлеумет

Алғыс айту – ақжолтай күн болды

Алғыс айту – ақжолтай күн болды

бір күнде дүниеге келген 20 сәби осының айғағы

Бұл елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні болды. Осы күні облыстық перинаталдық орталықта 20 сәби өмірге келді. Айрықша мерекенің келгенін білдіріп, іңгәлаған үнімен сүйінші сұраған нәрестелер мен олардың аналарына Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі жастар орталығының ұжымы сый-сияпат жасады. Республикалық «Сүйінші!» акциясы аясында ұйымдастырылған шара Таразда осылай жалғасын тапты.

– Алғыс айту күні – Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бүгін біз облыстық перинаталдық орталықта сәбилі болған аналарға сый-сияпат жасап отырмыз. Осы арқылы еліміздің демографиялық ахуалына қосқан үлесі үшін барлық аналарымызға алғысымызды білдіреміз, – деді Тараз қалалық жастар орталығының директоры Елдос Төлендиев. Сәби сүйген, «Сүйінші» акциясында сыйлық алған аналардың қуанышында шек жоқ. Олар жүкті әйелдерге қамқорлығын аямаған облыстық перинаталдық орталық қызметкерлеріне алғысын білдірді. – Мен бүгін тұңғышымды дүниеге әкелдім. Ана атанғандағы сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне елімізде алғаш тойланып жатқан – Алғыс айту күнінде қуанышымыз еселеніп жатыр. Бұл да бір Алланың сыйы болар! – дейді нәрестелі болған Раушан Бектібаева. Ал, Гүлнәр Қашаева есімді ана бұл күні дүниеге бесінші сәбиін әкеліп отыр екен. «Атаулы күні сәбилі болғаныма қуаныштымын. Сонымен қатар, бізге сый-сияпат та жасап жатыр. Осындағы барлық аналарды да құттықтаймын. Бізге жасалып жатқан мемлекет қамқорлығына алғысым шексіз», – дейді ол.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз.