Жаңалықтар

Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков

Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков

1988 жылы 21 мамырда Семей түрмесінде көз жұмды

Желтоқсан көтерілісі десек, көз алдымызға ең алдымен қыршын ғұмырлы Қайрат Рысқұлбековтің жарқын бейнесі оралатыны жасырын емес. Яғни, Қайратты – Желтоқсанның алтын діңгегі десек те болады. Тоталитарлық жүйенің қатыгез құйтырқылығынан оған «Тележурналист Савицкийді өлтірді» деген жала жабылып, өлім жазасы тағайындалғаны белгілі. Осы жолдардың авторы- мен әлденеше мәрте әуреге түсіп, Семей қаласындағы СЕ-165/1 түрмесінің ол жатқан 21 камерасына Қайраттың мәйітін көрген дәрігер-сарапшы Болат Шалағановпен 1993 жылдың 27 шілдесінде бірге кіріп, жан-жақты пікірлесе келе жас боздақтың өміріне қастандық жасалғанына көз жеткіздік. Содан бастап сең қозғалғандай болып, қоғамдық ұйымдардың ықпалымен 1996 жылы 9 желтоқсанда Президентіміздің Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке Халық Қаһарманы атағы берілді.

Қайраттың сол бір ызғарлы күндері қаракөз қыздарымызды қорғау ниетімен алаңға шыққаны көпшілікке мәлім. Және де жендеттер шашынан сүйретіп бара жатқан бойжеткенді бір милицияның қолынан құтқарғанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ, алаңда жиналғандарға «Жігіттер үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, даусымыз БҰҰ-ға жетеді» деген жалынды сөзімен «үш әріп» өкілдерінің назарына «ұйымдастырушы» ретінде ілікті. Қайраттың айрықша қасиеті өз өмірінің қыл үстінде тұрғанына қарамастан безбүйрек тергеушілерден ұстазы, Алматы сәулет-құрылыс институтының сол кездегі доценті Әркен Уақовты қорғап қалу үшін «алаңға өзіміз шықтық, ол кісіні танымаймын» дегенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Өткен ғасырдың 1980 жылдары Мойынқұм ауданының Көктерек кеңшарындағы тауарлы-сүт фермасында сүт таситын автокөлікті жүргізгендіктен Қайраттың ата-анасы мен бауырларын жақсы танитынмын. Қайраттан бірер жас қана үлкендігі бар, бүгінде Алматы қаласында тұратын Мұрат Өскенбаев деген ініміз: – «Сол фермалы ауылда жастайымыздан бірге өсіп, ер жеттік. Қайрат өте кішіпейіл, тәртіпті еді. Сергей Абраменко деген бұзаушының баласы Митямен етене жақын, тату-тәтті дос болатын», деп еске алады. – 1973-81 жылдары Шу ауданындағы мектеп-интернатта оқып жүргенінде Қайрат алыс-жақындағы замандастарымен хат жазысып тұрғанды ұнататын. Тіптен, Кореяның, Германияның, Моңғолияның пионерлерімен де жиі-жиі хабарласып тұрды, – дейді сыныптас құрбысы Салима Исаева. Осындай өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Қайрат Рысқұлбековтің басбұзарлық әрекеттерге бара қоюы мүмкін бе? Ал, Желтоқсан көтерілісіне қайта ойыссақ, «Алматы. 1986 ж. Желтоқсан». Кітабының екінші томының 47-ші бетінде «Тек Орта Азия әскери округінің командашысы генерал-лейтенант В. И. Лобов қана алаңға Кеңес армиясын алып баруға үзілді-кесілді қарсы болды. Колбин бармағын баса түсті, бірақ Лобов сөзінен қайтпады: «Армия өз халқына қарсы соғыспайды», деп. Бірақ, жазалаушы құрамдар басқа республикалардан ұшақтармен жеткізілді. Көп ұзамай Лобов та қызметімен қош айтысты. Сондай-ақ, Желтоқсан көтерілісінен кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Іс басқарушысы А. Г. Статенин де қудалауға ұшырап, жүйкесі сыр бергендіктен жұбайы қайтыс болып, өзі бірер жыл темір тордың ащы дәмін татып шықты. 1989 жылы Мәскеудегі беделді жиында «экология жайын айтамын» деп М. Горбачевты алдаусыратып мінбеге шығып, Желтоқсан көтерілісі туралы мәлімдеме жасаған Мұхтар Шахановты Андрей Сахаров пен Борис Ельциндер алғашқылардың бірі болып қолдады. Мойынқұм ауданындағы келелі кездесуде бұл туралы М Шаханов айтқан болатын. Осындай жайттарға қарағанда Желтоқсан көтерілісінде Қайраттай жалынды жастардың алаңға шығуы ұлтаралық жанжалды ушықтыру мақсатында емес, елімізді басқаруға халқымыздың әдет-ғұрпынан мақұрым, қайдағы бір Колбиннің тағайындалуына бейбіт қарсылығынан туындағанын ешкім де жоққа шығара алмас. «Аққа Құдай жақ» дегендей, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары 1992 жылы 21 ақпанда Республика Жоғарғы Соты Пленумының шешімімен түгелге жуық ақталды. Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира сынды боздақтардың есімдерін исі қазақ жұрты құрмет тұтады. Жер-жерлерде олардың рухтарын еске алып, игі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Республика көлемінде ғана емес, Қайраттың балғын балалық шағы өткен киелі Шу өңірінде өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жас ақындар мүшәйрасы, түрлі спорттық жарыстар өткізілуде. Бұл ретте Қ. Рысқұлбеков 8 жыл оқып, білім алған С. Шәкіров атындағы орта мектептің ұстаздары мен шәкірттері көпке үлгі-өнеге көрсетуде. Ерекше атап өтерлік қуанышты жайт, өткен жылдардан бері Шу қалалық ардагерлер ұйымы мен №40 мектептің ұстаздары және ата-аналар қауымы осы білім ордасына Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің есімін беру жайлы бастама көтерген болатын. Сондай-ақ, өткен жылғы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығыс жекпе-жегінен дәстүрлі жасөспірімдер арасындағы республикалық Қ.Рысқұлбеков атындағы турнирді 14-ші рет қатарынан аталмыш мектептің спорт залында жоғары деңгейде өткізіп, шәкірттер мен спортшыларды зор қуанышқа бөлеген. Міне, осы № 40 мектепке даңқты жерлесіміздің есімін беру туралы көпшілік тілегі облыстық ономастикалық комиссия өкілдерінің қолдауына ие болып, Елордамыздан да қуанышты хабар жететін шығар деген игі үміттеміз.

Мәкен УАҚТЕГІ, Желтоқсан көтерілісі мен Қайрат Рысқұлбеков өмірін зерттеуші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.