Білім

Түркі өркениетінің түп-тұқияны...

Түркі өркениетінің түп-тұқияны...

Тараз қаласында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда зерделенді

  Тараз – Орта Азиядағы ең ежелгі қалалардың бірі. Бұл бір ғылымдағы түрен түспеген тың тақырып іспетті. Рас, тарихта Талас, Тараз, Яны-Тараз, Наманган-Көше, Әулиеата, Мирзоян, Жамбыл деген бірнеше атауға ие болған қаланы зерттеушілер бұрын да болған. Шамамен, 2000 жылдық тарихы бар деп тұжырым жасаған да солар. Бірақ, бүгінде ескі орталық базар орнында археологиялық зерттеу жүргізіп жатқан ғалымдар қазба жұмыстары екінші және үшінші сатыға дейін жетсе, шаһардың негізгі жасы белгілі болады дейді. Қалай десек те, Тараз тарихы топырақтан толық аршылған жоқ. Көп нәрсе әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр. Жұмбақтана түскен сайын, ғалымдардың да қызығушылығы арта түскендей.

16

  Түркі өркениетінің түптамыры қайдан бастау алатынын зерделеген ғылыми тәжірибелік конференцияның тарихи сырын тереңге жасырған Тараз қаласында өтуі бекер емес. Халықаралық деңгейдегі шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, конференцияны өткізуге мұрындық болған Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және Түркиядағы Гази, Қытайдағы Санжы, сонымен қатар, Мәскеу мемлекеттік дизайн және технологиялар университеті мен Тыва гуманитарлық зерттеулер институты басшыларына ризашылығын білдірді. – Қазіргі Тараз – бір кездегі Ұлы Жібек жолындағы көне қалалардың бірі. Кезінде аталмыш қала Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған тоғыз жолдың торабы болатын. Қазіргі уақытта шаһарды қалпына келтіру үшін, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Біздің негізгі мақсатымыз – ежелгі Тараз қаласын ашық аспан астындағы түркі өркениетінің белгісі ретінде барша әлемге таныту. Бүгінгі «Әлемдік жаһанданудағы түркі өркениеті: мыңжылдықтар сабақтастығы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция – осы игі істің жалғасы деуге болады, – деді Бекболат Серікбекұлы. Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде шетел ғалымдарының назарын Таразға аударудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, бұл конференцияның тигізген пайдасы мол. Өйткені, түркі өркениетінің гүлденген кезеңін зерделеген ғалымдар басқосуында Тараз тарихы туралы көптеген деректер айтылды. Академик Карл Байпақов өз баяндамасында «Ұлы Жібек жолындағы ежелгі түркі қалаларына» тоқталып өтті. Жалпы, тарихи маңызы үлкен күре жол туралы айтылғанда Тараз жайлы сөз қозғамау мүмкін еместігі белгілі. Археолог ғалымның айтуынша, көне шаһар Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі экономикалық, саяси һәм мәдени орталық болған. Тіпті, көне замандағы түркештер, қарлұқтар сынды бірқатар түркі мемлекеттері үшін астана мәртебесін иемденген деген деректер де кездеседі. Аталған мемлекеттер VIII, IX ғасырларда өмір сүргені мәлім. Бұл – Тараздың аса маңызды тарихи оқиғаларға куәгер болғанының айғағы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, Геттинген университетінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қалқаман Жұмағұлов түркі өркениетіндегі ғұндар жөнінде құнды деректермен таныстырды. Ал, Тыва институтының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Людмила Мижит ежелгі түркі жазба ескерткіштерін түркі әдебиеті деп қарауға болатынын дәлелдеді. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаевтың «Тәуелсіздік дәуіріндегі Қазақстан археологиясы» деген тақырыпта жасаған баяндамасының да тарихи мәні ерекше. Тарихшы ғалым 2004 жылдан бері Қазақстан археологиясы дамудың жаңа қарқынына ие болғанын айтады. Ал, «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихымызды түгендеудегі ең тиімді жоба болды дейді. «Бағдарламаның алғашқы кезеңі 2004-2006 жылдарды, екінші кезеңі 2007-2009 жылдарды қамтыса, үшінші кезеңі 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Зерттеу нысандары ретінде негізінен бұрыннан белгілі, айшықты археологиялық ескерткіштер таңдап алынды. Жыл сайын Қазақстан археологтары 35-тен астам нысандарды зерттеді. Осы жұмыстар нәтижесінде тас дәуірінен соңғы орта ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын өте көп археологиялық материал жинақталды, ал, бұл материалдарды ғылыми ұғыну үшін бірнеше онжылдықтар керек болатыны сөзсіз», – дейді Бауыржан Әбішұлы. Негізі осы тақырып арқылы елімізде мәдени мұраларымыз-ды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кең көрініс тапты десек, артық айтқандық емес. Тараз қаласындағы орталық базардағы қазба жұмыстары – соның бірі. Жуырда ғана өңірімізге жұмыс сапарымен келген мәжіліс депутаттары қазба жұмыстарының үшінші сатысына келгенде міндетті түрде археологиялық жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылатынын айтқан. Сол жолы мәжілісмендер Тараз тарихын зерттеуді халықаралық деңгейге көтеру жолын қарастыру қажеттігін де сөз еткен еді. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті өткізген, түркі дүниесін тануға шақырған халықаралық ғылыми конференция осы тұрғыдан алғанда, іздегенге – сұраған болды. Бұл іс шетел ғалымдарын қызықтырса, зерттеу экспедицияларын құру мүмкіндігі де арта түсетіні белгілі. Конференция аясында ТИГУ Түркиядағы Гази университетінің археологиялық зерттеу орталығы және Әлкей Марғұлан атындағы археология институтымен екіжақты келісімшарт жасасты. Гази университеті тарапынан келісімшартқа қол қойған археологиялық зерттеу орталығының директоры Южел Шенюрт Сүлеймен бірлескен зерттеу жұмыстарын Тараздан бастайтынына қуанышты. «Түрік-қазақ бірігіп, Тараз туралы тарихи деректер жазылған жазбалар, тың деректер табатынымызға сенімдіміз», – дейді ол. «Әлемдік жаһанданудағы түркі өркениеті: мыңжылдықтар сабақтастығы» атты ғалымдар басқосуынан соң Ресей, Қытай, Түркия, Өзбек, Қырғызстан мемлекеттері мамандарымен бірлесе отырып, облыстағы тарихи-археологиялық жәдігерлерді зерттеу мақсатында ТИГУ базасында кешенді ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасалды. «Негізінен, шетел ғалымдарына Жамбыл өңіріндегі тарихи нысандарды таныстырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізуге шақыруды мақсат тұттық. Сол үдеден шықтық деп ойлаймын. Көне Тараз қаласының орнын үлкен туристік кластерге айналдыру үшін осындай қадамдар қажет-ақ. Тарихи жәдігерлерімізді топырақтан аршып алсақ, 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесінде шет мемлекеттерден келушілердің назарына ұсынатын ерекше нысан осы болар еді деп ойлаймын», – дейді ТИГУ-дың ректоры Ерболат Саурықов. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Тәкен Молдақыновтың сөзімен айтсақ, жер бетінен сан рет жоғалып кетіп, сан рет қайта түлеген Тараз тарихы – арғы тегі түркі әлемі мен ғұндар тарихының жалғасы, ұлы көші көне дәуірлермен сабақтасатын ғажайып шежіре-дастан. Екі күнге созылған ғылыми конференцияда сол көне мұраны зерттеу мәселесі көтеріліп, түркі тілдес халықтардың тарихы мен тілдік жүйелері, рухани мұрасы мен мәдени құндылықтар туралы келелі ой қозғалды. Соңыра меймандар орталық базарда жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының барысымен танысты.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».