Денсаулық

Әйелдер климаттың өзгеруінен көбірек зардап шегеді - БҰҰ

Әйелдер климаттың өзгеруінен көбірек зардап шегеді - БҰҰ

Табиғи апат зардаптарын жою және оның салдарын азайту барысында әйелдер мен қыз балалар басты назарға алынуы тиіс. Себебі олар ғаламшардағы климаттың өзгеруінен болатын құйын, дауыл және су басу салдарынан көбірек зардап шегеді. Бұл туралы БҰҰ-ның Женевада ашылған әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою бойынша комитеттің сессиясында айтылды.

Комитет мүшелері табиғи апаттар мен климаттың өзгеру салдарынан әйелдерге келер зардаптар мәселесі бойынша арнайы отырыс өткізу жөнінде шешім қабылдаған.

Отырыста сөз сөйлеген Дүниежүзілік метеоролгиялық ұйымның Бас хатшысының көмекшісі Елена Манаенкова 2004 жылы Үнді мұхитында болған цунами құрбандарының көбі әйелдер екенін, бұған олардың жүзуді білмеуі, әрі қимылдауға кедергі келтіретін ұзын киім кигені себеп болғанын атап өтті. 1991 жылы Бангладеште су тасқыны салдарынан 140 мың әйел қаза тапқан, олардың саны ер адамдардан 14 есе көп еді. Бұл әйелдердің қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігінің жоқтығымен байланысты.

«Дамушы елдердегі әйелдердің 60-тан 70-ке дейін пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Сонымен қатар, Үндістанда ауа райы туралы ұялы телефондарға хабарламалар жіберілгенде, оны алғандардың 11 пайызы ғана әйелдер болған. Қазір әлемде 300 миллион әйелде ұялы телефоны жоқ екенін анықтадық», - деді Елена Манаенкова.