Саясат

Ең бірінші Елбасыға алғыс айтуымыз керек

Ең бірінші Елбасыға алғыс айтуымыз керек

Халил Әлиев, кәсіпкер.

Биыл елімізде ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке пайда болды. 1 наурыз – Елбасының Жарлығымен Алғыс айту күні болып бекітілгені белгілі. Бұл атаулы дата еліміздегі ұлыстар достығын нығайта түсетіні сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген бұл мереке түрлі тарихи себептермен Қазақ жеріне табан тіреген сан түрлі ұлт, ұлыс өкілдерін «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегіне топтастырады деп білемін. Сондықтан, айтулы күнді жалпы ел болып атап өтіп, маңыздылығын ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып жататыны бар. Бұл тұрғыда әр адам жылдың бұл күнінде не үшін рахмет айту керек екенімізді ойлана жүрсе артықтық етпейді деп ойлаймын. Осы орайда мен өзім қиын-қыстау кезеңде құшағын аша қарсы алып, бауырына басқан қазақ халқына ерекше алғысымды айтқым келеді. Біздің балаларымыз да сол кезеңде қазақ жерінен пана тапқан. Әзірбайжандар бұл күнде бір қауым ел болды. Қазақ десе, менің көз алдыма мейірімді, ақкөңіл, жомарт, қайсар, өжет адамдар елестейді. Жандары тек жақсылық жасауға жаратылған қазақ достарымның талай шарапатын көргенімді осы мерекеде айтпасам, адамдығыма сын болар еді. Ұл-қыздарымыз қазақ балаларымен дос, тату-тәтті. Араларынан қыл өтпес достықтары құдалыққа ұласқандары қаншама! Лайым, олардың құдалықтарын мың жылдық, достығымызды мәңгілік етсін. Қазақ халқының талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткергені тарихтан аян. Басқа түскен қандай ауыртпалық болмасын мойымаған, қажымаған, қарттары қамқоршы, жастары жігерлі қазақ халқы үшін қиындықтың бәрі артта қалды деп ойлаймын. Бүгінгідей берекелі бейбіт заманда мерекелеп, той-тойлап жүруіміз ең бірінші елді басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екені анық. Сондықтан ел болып Елбасыға алғыс айтуымыз керек дер едім.

Меркі ауданы.