Саясат

Қазақтай кең халыққа ризамыз

Қазақтай кең халыққа ризамыз

Рәмиз Әзизов, аудандық мешіттің бас имамы.

Ислам діні әрқашан татулықты, ізгілікті, ынтымақты қалайды. Ұлт өкілдері арасындағы достық барлығынан маңызды. Асыл дінімізді ұстану арқылы біз төңірегімізге шуақ шашып, мейірімімізді төгеміз. Өзгеге достық құшағымызды ашуға, ізгі қасиеттерге дайын тұрамыз. Бұл қасиеттер біздің еліміздің отансүйгіштік, патриоттық, ұлттар достығын сақтау, бірлік, татулықты ту ету тәрізді құндылықтарына сәйкес келеді. Менің ұлтым – түрік. Имандылық жолды бала күнімнен таңдап, ата-анамның оң тәрбиесін бойыма сіңірдім. Ауылда қазақ балаларымен ойнап, қазақтың жоралғыларымен таныс болып өстім. Дін саласында біраз жылдан бері еңбек етемін. Аудандық мешіттің бас имамы ретінде де елмен етене араласып, тұрғындармен сұхбаттасып тұрамын. Ата-бабамыздан бері қарай достығы жалғасып келе жатқан қазақ халқына алғыс ретінде қазақ тілін жақсы меңгеріп алдым. Қазір жұма күндері мешітке көп жамағат жиналғанда (басқа намаздардың алдында да) насихат уағызымды қазақ тілінде айтамын. Қазақ халқына менің барлық қандастарым риза. Осынау қонақжай, ғажап, кеңпейіл халықтан тек ізгі, жақсы қасиеттерді ғана үйрендік. «Шариғатта мұсылман мұсылманға бауыр» дейді. Бұл жерде де достықтың, ынтымақтың мазмұны өте жоғары болып тұр. Қазақ халқының өзге ұлттарға деген жанашыр көңіліне, достық пейіліне ештеңе жетпейді. Өз ұлтымның аға буын өкілдерінің жергілікті халыққа деген алғысын үнемі естіп жүремін. Ризашылығымызды тілмен айтып жеткізе алмаймыз. Қазақ халқымен достығымыз, бірлігіміз жасай берсін деп тілеймін...

Байзақ ауданы.