Үлкен отбасының қуанышы да үлкен
Үлкен отбасының қуанышы да үлкен
«Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы кеңесінің отырысы өтті. Кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары, БАҚ өкілдері қатысқан отырысына хатшылық меңгерушісі Лариса Лысова төрағалық етті. Онда үш мәселе қаралды.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Рано Убайдуллаева «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруда аймақтық Ассамблеяның атқарып отырған жұмысы жайына кеңінен тоқталды. Осы орайда бірлік пен татулықты ту еткен түрлі ұлт өкілдерінің еңбегін атап өтті. Жалпы, аталмыш жоба өткен жылдың қазан айында Астана қаласында патриоттар форумында бастау алған болатын. Облысымызда бұл бастама желтоқсан айынан бастап жүзеге асуда. Осыған орай «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының аясында Тараз қаласы мен аудандарда өткізілген форумдар, өзге де іс-шаралар Рано Мақсұтқызының баяндамасының өзегіне айналды. Оны талқылауға шыққан «Барбанг» күрд республикалық ассоциациясы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Латиф Айдаров, «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі Альбина Веймер мен «Тәжік этномәдени бірлестігі» жастар орталығының жетекшісі Бекзод Мулладжанов баяндаманы толықтыра түсті. Қаралған мәселе бойынша шешім қабылданды. Келесі кезекте қоғамдық келісім туралы ережелер мен аймақтық Ассамблеяның 2016 жылғы жаңа құрамы бекітілді. Кеңес отырысын қорытындылаған Лариса Лысова ортақ Отанымыздың, Жамбыл жерінің көркейе түсуі үшін 82 ұлт өкілінің әрбірі ынтымақ пен бірлікте өз үлестерін қоса беретіндігін айтты.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».