Әлеумет

Қамқорлықтың арқасында мұқтаждық азайды

Қамқорлықтың арқасында мұқтаждық азайды

Әлеуметтік мәселелер біздің елімізде қалай шешілуде? Жыл өткен сайын тұрғындардың орташа айлық жалақысы біршама көтеріліп, жұмыссыздардың саны едәуір төмендеп келеді. Бұл – өңірлерде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау мен күнкөрісі төмен отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен басқа да әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға жәрдемақылар тағайындауда жұмыстарды жүйелі жүргізгенінің көрінісі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларынан туындаған міндеттерге байланысты қабылданған бағдарламалар мен берілген тапсырмалардың сәтті орындалуының жемісі. Өткен жылы облыста 3555 азаматқа 73,3 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып, 22 мың отбасына 1286,2 миллион теңге балалар жәрдемақысы төленді. 15,4 мың отбасына тұрғын үй көмегі ретінде 303,6 миллион теңге қаржы беріліп, өмірдің қиын жағдайында қалған 13,3 мың азаматқа 290,4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 1388 мүгедек балаларды үйде оқытуға 56,4 миллион теңге бөлініп, ауылдық жерде тұратын әлеуметтік сала мамандарының отын сатып алуына жағдай жасалды. Яғни, 18464 отбасы 113,2 миллион теңгемен қаржыландырылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Былтыр табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 0,7 пайызға, табысы кедейлік шегінен төмен азаматтардың жалпы халық ішіндегі үлесі 0,4 пайызға, атаулы көмек алушылар ішіндегі жұмысқа жарамды азаматтардың үлесі 27,2 пайызға дейін төмендеген. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 84-қадамында әлеуметтік көмектің атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыруды қажет ететіні атап көрсетілген. Облысымызда 2014 жылдан бастап «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы енгізілген. Аталған бағдарлама аясында азаматтарға шартты ақшалай көмек беріледі. Былтыр осы қанатқақты жоба бойынша 1788 отбасындағы 9694 адамға 420,4 миллион теңге көлемінде шартты ақшалай көмек тағайындалды. Осындай қаржылай көмек алған отбасылардағы 2235 жұмыс жасындағы азамат әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылып, оның 1067-сі тұрақты, 403-і ақылы қоғамдық жұмысқа, 478-і «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 118-і қайта даярлау оқу орнына, 169 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. 2018 жылдан бастап заңды түрде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін әлеуметтік төлемдер республика бойынша пилоттық режімде жаңа форматта тағайындалмақ. 4 балалы 18 жасқа толмаған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек келешекте 18 жасқа толмаған балалары бар отбасыларға жергілікті бюджет есебінен берілетін болады.

Жорабек Баубеков, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.