Кәсіпкерлік құқық қолрғалуда
Кәсіпкерлік құқық қолрғалуда
Облыстық кәсіпкерлер палатасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өтті. Онда аталған мекеме директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Қайрат Сыдықов журналистерді кәсіпкерлер құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Бүгінгі таңда облыста 75453 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 99,3 пайызы шағын, 0,5 пайызы орта, 0,1 пайызы ірі бизнесті құрайды екен. Қазіргі кезде кәсіпкерлер өздеріне қатысты мәселелерді шешу үшін тікелей кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінетіні белгілі. Өйткені, мұнда міндетті түрде көмек көрсетілетініне сенімді. Хабарламашы бұл тұрғыда өткен жылы кәсіпкерлер палатасына 8382 арыз-шағым түскенін атап көрсетті. Оның ішінде құқықтық мәселелер бойынша 247 шағымның 54-і жер қатынастарына, 29-і агроөнеркәсіп кешеніне, 27-і мемлекеттік сатып алуларға, 26-ы cалық және 22 шағым монополия органдарымен арадағы қарым-қатынаста орын алған келеңсіздіктерге байланысты болған. Мекеменің штаттық кестесінде қызметкерлер санының аздығына қарамастан кәсіпкерлер тарапынан түскен әрбір арыз-шағымға сай дер кезінде әрекет ететіндеріне назар аударған Қ.Сыдықов нақты мысалдарды келтірді. – Мәселен, Жуалы аудандық мемлекеттік кіріс басқармасы «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігінің иесі Абзал Исқақовты әкімшілік жауапкершілікке тартып, аудандық сот кәсіпкерді 449 мың теңге айыппұл төлеуге және жалпы сомасы 26,9 миллион теңге көлеміндегі табысын тәркілеу туралы шешім шығарған. Кәсіпкерлік палатасы екінші сот инстанциясында А.Исқақовқа қорғаушы ретінде қатысты. Нәтижесінде облыстық соттың аппеляциялық алқасының шешімімен кәсіпкерден 26,9 миллион теңге көлеміндегі табысын тәркілеу туралы сот шешімінің күші жойылды,–деді ол. Көлік прокуратурасы өкілдерімен бірлесіп атқарған жұмыстар нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісі Андрей Стрелецке де жедел көмек көрсетіліпті. Оған көлік инспекторлары көліктегі артық салмақ үшін 1 миллион 300 мың теңге айыппұл салады. Көлік прокуратурасы мен кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің араласуымен жүргізушіге бар-жоғы 39 мың теңге ғана айыппұл салынған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлер құқын қорғау бойынша құрылған кеңес те біршама тірлік тындырыпты. Онда көтерілген мәселелердің орындалуы туралы да директордың орынбасары баяндады. Сонымен қатар, Талас ауданында және Тараз мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заң талаптары бұзылып, ол кәсіпкерлік палатасының араласуымен қалпына келтіріліпті. Осы мәселелерді жан-жақты тарқатып айтқан Қ.Сыдықов журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».