Әлеумет

Ата-анаңызға барып рахмет айттыңыз ба?

Ата-анаңызға барып рахмет айттыңыз ба?

Қияшовтар қара шаңырақтарына келіп алғыс айтты

Сарыкемерлік Қияшовтар отбасы – аймаққа үлгісін таратқан, өсіп-өнген әулет. Отағасы Темір Қияшов – қырық жыл құрылыс саласында прораб болып еңбек еткен көшелі кісі. Жастайынан еркін күреспен шұғылданып, спорт шебері атанған. Отанасы Алтынкүл Қияшова ұзақ жыл есепшілік қызмет атқарыпты. 

Темір ақсақал мен Алтын апай 1964 жылы отау құрып, шаңырақ көтерген. Шаңырақ көтергендеріне – 52 жыл. Екеуі 8 ұл-қыздан 26 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ұлдарының бірі – кәсіпкер, ендігі бірі – қаржыгер. Қыздары да жоғары білімді, түрлі салада еңбек етеді. Немерелерінің ішінде Астана мен Алматыда жоғары білім алғандары бар. Бүгінгі таңда облыстық «Дарын» мектебінде – екі, Назарбаев зияткерлік мектебінде бір немересі оқиды. Студент немерелері Айғаным «ТарМУ аруы» атанған. Сымбат пен Әдемі – волейболдан, Анар – баскетболдан оқушылар арасында аудан, облыс чемпиондары. Аталарына тартқан. Біз бұл әулеттен ынтымақ, бірлік, татулықты байқадық. Темір ақсақалдың көшелі сөзі, Алтынкүл апаның әдемі өнегесі ұрпақтарына үлгі екен. Алтынкүл апай – «Алтын алқа» иегері. – Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Бізді де Темір әкеміз бен Алтынкүл анамыз мәпелеп, аялап өсірді, жеткізді. Қазір өзім де ата болдым. Басқа бауырларым да жетілді. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Ата-анамыз тұмсықтыға шоқыттырған жоқ, қанаттыға қақтырған жоқ. Сондықтан, осы әке-шешемізге ұрпақтары атынан алғыс айтқымыз келеді. Ата-анамызға жүз жасасын, ұрпақтардың қызығына тоймай, ортамызда жүре берсін деген перзенттік көңілден тілек арнағымыз келеді, – дейді үлкен ұлдары Нұрлан Темірұлы. Біз де бұл үйден мейірім, шуақ, жылылықты, ізгілікті сезініп, қанаттанып қайттық.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.