Алаңдауға негіз жоқ
Алаңдауға негіз жоқ
Таразда үстіміздегі жылы 20 мамыр мен 1 шілде аралығында ыстық су беру тоқтатылады. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған баспасөз конференциясында облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мамат Шәкіров хабардар етті.
Қысқы жылыту маусымы кезінде кейбір қалаларда ыстық су құбыры жарылып көшелерді су басып кеткенін, тіпті, адамдардың күйікке шалынғанын естіп, көріп, оқып жатырмыз. Әзірге біздің қаламызда ондай төтенше жағдай орын алған емес. Сірә, осындай науқаналды дайындық жұмыстарының сапалы жүргізілуінің салдары болса керек. Оның үстіне, республикалық энергобақылау комитеті тарапынан қойылған талап бойынша жылу беру кәсіпорнының құрал-жабдықтарын және құбырларды жөндеу міндетті. Адам да жылына бір рет денсаулығын тексертіп тұруы керек қой. Мына жұмыс бейнелеп айтқанда соған саяды. – Қаламызда 39 шақырым магистралды, 139 шақырым ішкіаулалық құбыр бар, – деп сөз бастады «Таразтрансэнерго» МКК басшысы Ерік Көшербаев. – Осының бойындағы ақауды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 52 миллион, өзімізден 50 миллион теңге қаралған. Кәсіпорын техникасы мен құрал-жабдықтарын жөндеу де осы қаражат есебінен. Біз ішінара жөндеу жұмыстарын бастап та кеткенбіз. Негізгі жұмысқа енді кірісеміз. Ерік Әубәкірұлының «негізгі жұмыс» деп отырғаны – гидравликалық қысым сынамасынан кейін қолға алынатын істер. Өйткені, осы сынама кезінде құбыр бойындағы ақаулы жерлер анықталмақ. Сонда жөндеушілер әр жерді бір қазып, көше бойын «жаралай» бермейтін болады. – Біз жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргіземіз, – деді «Таразэнергоорталығы» АҚ вице-президенті Бақытбай Қырықбаев. – Оған кәсіпорында – 177 миллион теңге қаралған. Оның ішінде жылу қазандықтарына – 65, ал, электр құрал-жабдықтарын жөндеуге 112 миллион теңге. – Қаланың басым бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған «Таразэнергоорталығында» энергоблоктардың тозығы жеткені мәлім. Олардың пайдаланылып келе жатқанына 50-60 жылдан асты. Соларды жаңалаудың немесе ішінара күрделі жөндеудің мүмкіндігі жоқ па? – Бұл жөнінде экономикалық негіздеме құжаттары жасалған. 39 миллиард теңге шамасында қаржы керек екен. Оған өз күшіміз жетпейді. Облыс басшылығы хабардар. Инвестор қарастырудамыз. Ол болашақтың еншісіндегі іс қой. Әзірге өзіміздің әл-қадерімізше әрекеттеніп жатырмыз, – деп жауап берді бұл сұрағымызға Бақытбай Әбубәкірұлы – Қалада жылу, ыстық су құбырының жалпы жағдайы қалай? – деп сұрадық құбыр атаулының бәріне жауапты «Таразтрансэнерго» мекемесінің басшысынан. Осы саланың кәнігі маманы Ерік Көшербаев мүдірген жоқ. – Қалада тозығы жеткен құбырлардың 75 пайызын ауыстыру керек. Бұл іске 2015-2020 жылдарға 6 миллиард 300 миллион теңге бөлінгелі отыр. Оның 5 миллиард 500 миллионы – республикалық, 550 миллионы облыстық бюджеттен, 250 миллионы өзімізден. Соның өзінде 10-15 пайыз ғана жаңаланады екен. «Сіздер жөндеу жұмыстарын 1 шілдеге аяқтауға анық сенімдісіздер ме? Сол кезде Рамазан айы басталады ғой. Қазір ораза ұстайтындар қатары көбейіп келеді. –Сонда олар ыстық судан тарығып қалмай ма? Оразада сәресі, ауызашар мезгілдері өте жауапты» деген сауалымызға: «Құдай қаласа, оған дейін аяқтап қалуымыз керек. Өзіміз де соған есептеп отырмыз», – деп қосарлана жауап берді екі кәсіпорынның да басшылары.
Болат Жаппарұлы,
«Ақ жол».