Бәсекеде басым түскеннің бағы жанады
Бәсекеде басым түскеннің бағы жанады
Әбсамат Асанов, «Береке құрылыс холдинг» ЖШС-ның директоры.
Құрылыс – экономика локомотиві. Бұған қазақстандықтар кейінгі кезде айқын көз жеткізіп келеді. Елімізде тәуелсіздік алған ширек ғасырда заманауи үлгідегі мыңдаған әлеуметтік нысандар салынды. Көптеген азаматтар баспаналы болып, қуанышқа бөленді. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, бұл салаға, әсіресе, тұрғын үй салуға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында құрылыс саласын қарқынды өркендетудің жолдарын белгілеп берді. Бұл орынды да. Осыған дейін кеңестік кезеңнен бері қолданылып келе жатқан құрылыстың ескірген нормалары мен ережелері бұл істі жүйелі жүргізуге үлкен кедергі жасап келді. Бірқатар жобалар сапасыз жасалды. Олардың сараптамадан өту мерзімі де тым созылып кетті. Соның салдарынан құрылыс белгіленген мерзімнен кеш басталатын. Қыста салынған ғимараттың сапасы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Жобалық-сметалық құжаттарда құрылыс материалдарының құны дұрыс белгіленбеуінен мердігерлер арзан материалдарға жүгіретін. Ал халқымыз: «Арзанның сорпасы татымайды» деп айтқан емес пе? «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 49-қадамында бұрынғы құрылыстың ескірген номалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу міндеттелген. Жаңа нормативтерді қабылдау инновациялық технологиялар мен материалдарды қолдануға, құрылыс қызметі нарығындағы қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сонымен бірге құрылыс саласындағы шетелдік қызмет нарығына қазақстандық компаниялардың шығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 48-қадамда құрылыстың сметалық құнын анықтаудың ресурстық әдісін енгізудің артықшылықтары жазылған. Баға қалыптастырудың жаңа әдісін енгізу материалдардың, бұйымдардың, жабдықтардың және еңбекақының қолданыстағы бағаға сәйкес нақты нарықтық бағасына байланысты құрылыстың сметалық құнын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа материалдармен, жабдықтармен және технологиямен сметалық-нормативтік базаны жедел жаңартуды қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл салада елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. 2015 жылдың 1 шілдесінен еурокодтарға негізделген жаңа құрылыс нормалары іске қосылды. Құрылыс саласында оны салушылардың бүкіл рұқсат беру ресімдерін «Бір терезе» қағидаты бойынша өту үдерісін реттейтін бірегей нормативтік құжат қабылданатын болады. Сараптаманың жекелеген түрлері, жұмыстың технологиялық күрделілігіне байланысты жеке секторға берілетін болады. 2016-2020 жылдары жобалардың 90 пайызға жуығын жекеменшік нарыққа беру жоспарлануда. Елбасы бұл туралы өзінің: «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген мақаласында да жан-жақты айтты. Елбасының тікелей тапсырмасымен саладағы бірқатар артық буындар қысқартылуда. Бұрын мердігер өзі құрылысын жүргізген нысанды тапсыру кезінде үлкен қиындықтарды бастан кешіретін. Көптеген мекемелерден рұқсат алу керек болатын. Соңғы кезде олардың саны біршама ықшамдалды. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамынан төтенше жағдайлар және тұтынушылардың құқығын қорғау мекемелері алынып тасталды. Мердігерлер үшін бұл да үлкен жеңілдік. Әсіресе, бізді жобалық-сметалық құжаттарды жекеменшік нарыққа берілетіні қатты қуантады. Жекеменшік жобалаушылар бұл істі жылдам әрі қысқа мерзімде бітіруге күш салады. Сапалы құжат сараптамадан кешікпей өтеді. Біз уақыттан ұтамыз. Құрылысы уақтылы басталған нысан белгіленген мерзімде пайдалануға беріледі. Мен басқаратын «Береке құрылыс холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс аумағында әлеуметтік нысандар салумен шұғылданады. Серіктестік өзі құрылған алты жылда көптеген мектеп, балабақша және тұрғын үйлерді ел игілігіне ұсынды. Мемлекеттік сатып алу конкурсына тұрақты қатысып келеміз. Әйтсе де, дағдарысқа байланысты кейінгі кезде елеулі қиындықтарды бастан кешірудеміз. Бұған жігеріміз жасып, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жеке азаматтардан тапсырыстар қабылдап, оларды уақтылы бітіріп беруге күш салудамыз. Білікті мамандар шоғырланған біздің компания мейрамхана, шаштараз, дүкен және басқа да әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде және сапалы салып бере алады. Дағдарыс – өтеді, кетеді. Ертең еліміз, оның ішінде облысымызда құрылыс қанатын кеңінен жаяды. Біз оған кәміл сенімдіміз.
Тараз қаласы.