Бизнес те, билік те әйелдерге бөтен емес
Бизнес те, билік те әйелдерге бөтен емес
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының төрайымы Айман Кәрімова 2012-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс жоспарының өңірімізде қалай орындалып жатқанын баяндады.
Аталған комиссияның тұрмысы төмен және көп балалы аналарға мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету және жұмысқа орналастыру, жалғыз басты және ауру зейнеткерлерді үйлерінде күту, әлеуметтік жәрдем көрсету орталықтарын кұруға ықпал ету және халық арасында дәрігерлік көмек көрсету мақсатындағы ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүйелі жүргізуге ықпалы көп. Аталған комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес былтыр 4 рет комиссия отырысы өткізіліп, әйелдерге қатысты зорлыққа қарсы күрес, тұрғындардың репродуктивтік денсаулығын қорғау, отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және адамгершілік-рухани құндылықтарды нығайту мәселелері қаралған. – Біз отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, кәмелетке толған балаларды еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуға шақыру мақсатында жұмыс істейміз. Осы орайда екі жылдан бері республика көлемінде өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қазақстандық отбасылардың имиджін көтеруге тигізіп отырған септігі зор екенін айтуымыз керек. Біздің өңірден осы байқауға 3 отбасы қатысты. 5 маусым күні өткен облыстық турда облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов шулық теміржолшылар әулеті – Отан Молдабаевтың отбасына бас жүлдені және 5 отбасы мүшесіне 7 күнге Бурабай шипажайына жолдаманың сертификатын табыс етті, – деді Айман Кәрімова. Өткен жылы аталған комиссияның бастамасымен Жуалы ауданының «Тау самалы» демалыс аймағында өңірдің саясаткер әйелдері клубымен «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» жазғы мектебі өткізілген болатын. Сонымен қатар, облыстағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығы мен «Аналар үйі» ашылған еді. Айман Өмірзаққызы облыста әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, алдын алу, құқықтық көмек беру жұмыстары осындай нақты істермен көрініс тауып отырғанын айтады. Комиссия төрайымының сөзіне сүйенсек, былтыр дағдарыс орталығына 100-ден астам қиын жағдайға тап болған әйел орналастырылыпты. Ал шілде айында ашылған «Аналар үйіне» 34 әйел қабылданған. Брифингте облыстағы әйелдердің кәсіпкерліктегі және мемлекеттік қызметтегі белсенділігі туралы сөз қозғалды. – Облысымызда кәсіпкер әйелдер жалпы кәсіпкерлік саласында қызмет жасайтындардың 40 пайыздан астамын құрайды. Олардың облыс экономикасының дамып, өркендеуіне қосар үлесі жылдан-жылға артып келе жатыр. Сондай-ақ, облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарында 12 әйел депутат болды. Жалпы, облыстағы түрлі деңгейдегі ұйым басшыларының 43 пайызы – әйел, – дейді Айман Кәрімова.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».