Мәдениет

Ел тұтқасы ердi айтам

Ел тұтқасы ердi айтам

211819_2127170519____________________________5_Мұхтар Әуезов.

Алып ақынның жүз жыл өмірі жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай, шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өзгеше бір өсу өмірі болатын. Жамбыл айтысқа жас бала күнінен кірісіп, мөлшері 70 жасына шейін белсене түсіп жүрген. Ал бірақ соңғы отыз жыл ішінде ескі мерзім бойынша кей замандастарымен оқта-текте әзіл ретінде аз қағысып өтіскені болмаса, шынайы үлкен айтысқа, ақындардың өздерінше айтсақ, «сүре» айтысқа араласпайды. Аға ақын Жамбылды кейінгі буын ақындары ол сайысқа салмай, сыйлай, сақтай-сақтай жүреді. Бірақ, ақынның ақпа-төкпе көрікті кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі. Алдыңғыдан Жамбылға ең жақын ақын Сүйінбай болса, ол туралы Жамбыл: Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сыйынбай, Сырлы сұлу сөздерді, Маған тартқан сыйындай. Сүйінбай деп сөйлесем, Сөз келеді бұрқырап, Қара дауыл құйындай, – деген. Бірақ Жәкең бір Сүйінбайдан ғана оқып қоймаған. Қазақта бұл өңірде, сол тұста атақты, дәулескер ақыннан: Майкөт ақын, Жалайыр Қабан ақын, Бақтыбай ақын, Құланаяқ Құлмамбеттер бар. Сүйінбай бастаған осы төрт-бес ақынның және кейін Жамбылдың да, бәрінің де қырғыздың халық поэзиясымен көп жақындығы бар болатын. Ал қырғызда бұл тұста атақты манасшы дастаншы, даңғыл жомақшы мен ыршыдан Балық, Тыныбектер, Қалығұл, Қатаған, Арыстанбек, Найманбайлар бар. Және Жамбыл тұрғылас Қалмырза, Шойке, Сағымбай, Қара ыршы, Жақсылық сияқты нелер ірі, ақпа-төкпе ақындар бар-ды. Сүйінбай, Жамбыл осылардың арғы-бергісінің бәрін жақсы біліп, көбімен қатар жырласып жүрген. Жамбылдың тобынан өзгеше даралық бір сипаты бар. Жамбылдың ішкі сыры, нәрі сонда. Осыны ұғыну үшін Жамбылдың айтыстарын еске алу керек. Ол Құлмамбетті немен жеңеді? Сарбасты неден жеңеді? Досмағамбетті немен тоқыратады, аяқталмай қалған Шашубаймен айтыста немен күшті? Құлмамбет Жамбылға соқтыққанда: Болғанда жол ағадан, тон жаңадан, Арлан бөрі соғады тау сағадан, – деп қара борандатып кеп, Албанның көптігі мен байлығын айтады. Жамбыл соған орай өзінің халық мұңшысы екенін танытып: Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, Оны мақтап шалықпай жөніңе қайт, – деп бір тойтарыс береді де, өзінің арманы не екенін былай танытады: Берекелі елді айтам, Ел тұтқасы ерді айтам. Басымнан сөз асырман! – дейді. Осыдан кейін Жамбыл халыққа қадірлі асыл азаматы боп, заманының зор адамдары боп шыққан саналы ерлер – Сұраншы, Саурықты жыр етеді. Бірақ, Құлмамбет бұған тоқтамай, тағы да байлығын айтып кеп, оның үстіне Саурық пен Сұраншының өлімі арқылы Жамбылды табалағысы келеді: Секеңдеген серкенің ажалы деп, Саурық пенен Сұраншың жаудан өлген, – дейді. Айтыста жеңу мен жеңілу өлең таппағаннан тумайды, жүйеге, жолға жеңілуден болады. Құлмамбет жаңағы сөзімен өз үкімін өзі айтып, сағағынан ілінеді, қазасына жетеді. Оның қазасы мен үкімін Жамбыл айтқанда, былайша тойтарып түйеді: Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген, Халқы үшін шәйт болып жанын берген. Елді қорғап өлгеннің арманы не? Қалың қазақ құрметтеп соңына ерген. Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң? Ағайынмен ұрсысып даудан өлген. Шапырашты, Дулаттың бәрі куә, Шытыр жеген өгіздей аунап өлген, Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ, Төрт бұрышын төңіректің жалмап өлген, – деп Құлмамбеттің қанатын осылайша жүйеге жығып қырқады.