Мәдениет

Өнеріме рух берген ата бейнесі

Өнеріме рух берген ата бейнесі

Балнұр Қыдырбек, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы.

Жамбыл есімін өз-өзімді сезінген шақтан-ақ білетінмін. Үйде маған арналған фотоальбом бар еді. Міне, туғанына қырық күн толар-толмас жөргекке оралған түсініксіз бірдеңені әжем қолына ұстап отыр. Ал келесі суреттерде адамға ұқсайтындай болыппын, 3 ай, 6 ай. Бір жасқа толған күні папамның алдында, қөйлек киіп, майысып отырмын... Осы менің көптеген суреттерімнің арасында атқа мінген бір шал қойшымен сөйлесіп тұр. Ол – Жамбыл ата. Елдің бәрі менімен суретке түсуге әуес болған жағдайда Жамбыл атам нағып атқа жалғыз өзі мінді екен, мен қайдамын? Біз Жамбыл көшесінде тұрдық. Көшенің арғы бетінде әдемі «Алматы» ресторанының ғимараты тұрған. Үш жыл өте ол өртеніп кетті. Тете інім Алғатбек екеуіміз ресторан алдындағы гүлге бөленген алаңда жүгіріп ойнауды әбден ұнататынбыз. Бейтаныс адамдарға толы алаңды жақтырмайтын әжем: «әй, Жамбылға шықпаңдар» деп ұрысатын.Біз кішкентай едік. Кішкентайлығымыз соншама, тіпті де альбомдағы шал, көшенің аты – бәрі бір Жамбыл екенін түсінбейтінбіз. Алматының қақ ортасында туып-өскен біздің тіліміз қазақша шыққан. Кешке қызметтен шаршап-шалдығып келгеніне қарамастан папам біздің күндізгі тәрбиемізде жіберілген олқылықты түзетіп балаларға арналған өлеңдер үйрететін, ішінде мынау жолдар бар: «Балалар, аманбысың, шырақтарым, Майысып, көлге біткен құрақтарым! Қонаққа келді міне Жамбыл атаң, Қуанып жастығына сендей ботам!» Дегенмен Жамбыл атаның ақын екенін біз ерте аңғардық. 1959 жылы қазақ қоғамы Кенен ақынның 75 жылдығын тойлады. Біз Алғатбек екеуіміз сөзін, мағынасын түсінбесек те Кененнің «Көкшолағын» айтып жүретінбіз. Бала логикасы пәк келеді: Кенен Жамбылдан бата алған болса, Жамбыл өлеңдері артық болғаны! Біз Жәкеңнің мынау сөзін ол кезде естімеген едік: «Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі, Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі, Төрт аяғы тең жорға өлеңінің Құлағымнан кетпейді салған әні.» Тіпті естіген күнде де мән бермегеніміз ғой. Қуыршақ пен доптан артық ештеңе жоқ шақ. Менің әкем, жазушы, журналист Балғабек Қыдырбекұлының естеліктері де сол кинокадрдан көрген бейнемен сәйкес келген. Әкемнің Жамбылмен кездескені де сол 1938 жыл. Жазғы каникулда бос жүрген тоғыз жасар бала колхоз атын тағалауға ұста дүкеніне барыпты. Әбілқасым ұста бүкіл Қастек ауданына белгілі адам. Өзі менің әкемді жақсы көреді екен. «Бектің тұқымы, асылдың сынығы» деп жетім балаға сый-құрмет көрсетіп, басынан сипап қойып жүреді екен. Сол күні баланы қонуға алып қалыпты. «Ымырт түсе бір дауыс естілді», – дейтін әкем: «Әбілқасым, үйіңе келдім төтен, Бұл күнде бур-ақ уыс, қандай тәтең? Қолқалап қолтығымнан сүйемесең, Үйіңе кеш болса да қонбай кетем». «Жәкең келіп қалыпты» деп Әбілқасым орнынан ұшып тұрды. Шынында да Жамбыл келіпті. Сөйтіп, кішкентай бек пен ұлы ақын бірге қоныпты. Папам сол кешті есіне ала отырып Жамбыл қара сөзбен сөйлемейтінін айтатын. Ақынның жай әңгімесінің өзі ырғаққа, ұйқасқа толы еді, дейтін папам. Бірақ, ең таңдандырғаны ол емес. Жамбыл денесіне түтікті жылы матадан тігілген ішкөйлек киіпті. Оның үстінде жағасы кестеленген жейде бар екен. Жейде сыртынан теріден тігілген шолақжең киген. Шолақ жең үстіне барқыт бешпент киілген. Бәрінің сыртынан жүн шапан киіп алыпты. «Атам соның өзінде-ақ бүрісіп, жаурап отырды,– дейтін папам,– ал далада 40 градус шілде ыстығы қалған жұртты қайнатып-пісіріп жатты». Орыс мектебінің 9-шы сыныбында оқып жүрмін. Класс жетекшіміз маған Жамбылдың 125 жылдығына арнап баяндама жасауды ұйғарды. Әбден дайындалдым, соның барысында ақын шығармаларының орыс аудармасын толық меңгердім. Бірақ баяндама жасалмай қалды. Класс сағаты алдында класс жетекшіміз: «Сабақты өздерің өткізе беріңдер» деп, итін ветеринарға көрсетуге кетіп қалды.Соңынан апыл-ғұпыл балалар да көрші кинотеатрға кино көруге кетті. Ашуланып жетекшінің итін атып өлтіруге оқ таппадым. 16 жыл өте сол халді тағы бастан кешіруге мәжбүр болдым. Г.Колбин журналистермен өткізген пресс-конференцияда қазақ тіліне «жаны ашитынын» білдіріп: «Тіл білу керек, мен мәселен, грузин тілін ұмытпау үшін үйде итіммен сөйлесемін» дегені бар ма! «Ағайыным, жанатым, Жал-құйрығым, қанатым – Грузин дана халқына, Арнаймын сәлем шарқ ұра», – деген Жамбыл атамның тәрбиесін алған мен ызаға булықтым. 10-шы сынып бітірдім. Жаз. Даланың ыстық күні. Жамбыл ауылында ақынның інісі Сатыштың асын беріп жатты. Жексенбі болғандықтан ақын музейі жабық.Музей директоры Мұхамеджан Етекбаев мұражайдың кілтін қолыма ұстата салды, өзің ашып, қарап шық деп. Үйдің іші салқын екен. еденге текемет, сырмақ төселген. Бөлмелерді аралап, жазуларды оқыдым. «Қол тигізуге болмайды!» дегенді де оқыдым...Сонан соң атамның диванына отырып, домбырасын шертіп, телефонымен сөйлестім. Ұлы ақын мені қоштап, күлімсіреп, суреттен басын изеп тұрғандай көрінді. Мұражайда қанша уақыт өткізгенімді білмеймін, әйтеуір, қайтып келгенімде ас тарап, жұрт бәйгеге кетіпті. Жылдар өтіп, бір күні әкеме Жамбыл мұражайында қалай болғанымды әңгімелеп, содан кейін композитор болдым ғой дедім. Папам күлді. «Сіз де Жамбылмен бірге қонғанның арқасында әдебиетші болдыңыз ғой», дедім. «Онда бүкіл Қастек ауданының жұртшылығы ақын болуы керек. Жамбыл жүрмеген жері, қонбаған ауылы қалған жоқ», деп жауап берді әкем. Сонда да, сол елді мекенде Жамбыл рухының әсері көрініп-ақ тұр. Талай қолына қалам алған, өнері дарыған, көркем шығармашылық иесі туған жер. Дүниетанымда бір таңқалатын жай ол суырып-салма ақындық таланты. Күнделікті жайды өлеңмен өрнектеу әркімнің қолынан келе бермейтін іс. «Ақын – ақын болар ма Арқа қызып, ән салмай! Жиылған көп халайық, Сөзіне ұйып тамсанбай!» Оқу оқып, білім алып, ақын болу мүмкін емес. Ақын болып туу керек. Жамбылдай ақын жүз жылда дүниеге бір-ақ келер. Папам айтып кеткен Жамбылдың бірнеше мақамын нотаға түсірдім. Музыкант ретінде соларды талдауға салып көрсем, атамыздың дауысы төмен, диапазоны шағын болған деп болжаймын. Ал таңдандыратын жері – ол өлең айтуының жүйріктігі, Дж.Россинидің Фигаро каватинасының жылдамдылығымен өлең төккенмен бірдей. Ол үшін адам терең ой, мықты логика, жалпы эрудицияға қанық болуы керек. Біз сияқты қарапайымдардың түсінігінен тыс қасиет. Қанша ұмытылсаң да жете алмайтын қасиет. «Түп-тұқианнан өзіме шейін» кітабы туралы пікірталас,айқай-шу, кейбіреулердің салған байбаламы, өтірік сөзі қазақ қауымының әлі де есінде болар. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының бесінші ұрпағы,өз басым, бір рет те жалпы кітапқа, ішіндегі оқиғаларға күмәнданған емеспін. Оған себеп болғанның бірі Сүйінбай мен Жамбыл ата шығармалары. Бабамыз бен бірге бізді де жоққа шығарғысы келгендерге сол кезде-ақ Жамбыл ақынның немере атам Ораз Жандосовқа арнаған сөзін айтқанмын: «Арғы атаң бек Қазыбек жауды қуған, Дұшпаннан бір тайпа елді қорғап тұрған. Сен-дағы бабаңа ұқсап батыр тудың, Қасына қаһарланса, қармақ құрған». Әруағыңнан айналайын, Жамбыл ата! «Арғы атам әруақты ер Қарасай, Теңселген дүбіріне тау менен сай. Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай», – деуші едіңіз. Ал бүгінгі ұрпақ біздің піріміз – Өзіңіз. Өлеңдеріңізбен шабыттанып, бүкіл ел болып шалқып-тасып жүре берейік. Әруағыңыз қолдап жүрсін, қорғап жүрсін, асыл ата!

Алматы.