Мәдениет

Жамбыл «Амангелді» фильміне қалай «түсті»?

Жамбыл «Амангелді» фильміне қалай «түсті»?

Қазақ халқының тарихынан елеулі орын алған онкүндік тұсында халқымыздың мәдениет сапарындағы тағы бір елеулі мәселе шешілген болатын: сол күндері Москвада жүрген кезімізде, республиканың басшылары Исаев, Жүргеновтер жоғарғы орындармен сөйлесіп, енді қазақтың кино мәдениетін өркендетудің жолын іздеді. Мынадай тамаша таланттары бар ел кинематография саласында да талай тамаша заттарды жасай алатынын дәлелдеді. Сөйтіп, қазақтың ардагер ұлы, керемет жауынгер, табанды большевик Амангелді Имановтың өмірінен кинофильм жасайық, қазақ көркемөнерінің кино саласындағы шымылдығын осы бір игі тақырыппен ашайық, деген шешімге келді. Онкүндікке қатынасқан басқа жұрттың бәрі Алматыға қайтты. Ал Бейімбет ағай Майлин мен Ғабит ағай Мүсіреповке болашақ «Амангелді» фильмінің сценарийін жазу тапсырылды. Екеуі Москвада қалды. Оларға белгілі жазушы Всеволод Иванов қосылып үшеуі жұмыстарын аяқтап, кешікпей кино түсіріле бастады. Биекең сол фильмнің консультанты болып жүріп, 1937 жылдың жазында жеке адамға табынудың әлегінен туған пәлеге ұшыраған соң орнына мен бардым. Фильмнің сыртта болатын оқиғаларының бәрі Жамбылдың ауылында түсірілген еді. Амангелдінің сарбаздары болып жүрген сан жігіттер сол жердегі колхозшылар болатын. Жәкең күн сайын таңертең тысқа шығып, кино түсіріп жүрген жерге келіп кілем төсетіп отыратын. Бір күні фильмнің операторы Хечо Назарян деген армян жігіті маған: – Осы маған бір ой келіп тұр, – деді. – Түсіріп жүргеніміз документальдық фильм емес, көркем суретті фильм ғой, ендеше мен мына кісіні осы отырған жерінде түсіріп алайын. – Біреу-міреу танып қалса, қолайсыз болмай ма? – Жоқ, аты-жөні айтылмаған соң кім танып жатыр? – деді де, сарбаз болып киініп жүрген жасақты жігіттерді жинап жіберіп, қаннен-қаперсіз отырған ақсақалдың төңірегіне қойып, түсірді де алды. Сол Жәкең отырған кадр фильмде бар. Осы күні көрген сайын өмірде ұмытылмайтын екі адам – Жамбыл қарт пен Хечо көз алдымда тұрады... Кейін Жәкеңнің қасында хатшы болып кешегі Тайыр Жароков, Қалмақан Әбдіқадыров, қазіргі сыйлы қартымыздың бірі ақын Ғали Орманов бірге жүрген кездерінде де талай рет кездесіп, қадірлі қартқа туған әкеміздей көріп еркеледік.