Кеннеди Алматының апортына қалай құмартты?
Кеннеди Алматының апортына қалай құмартты?
«Алматы ақшамы» басылымы Алматы апорты туралы «Апортқа ағылшын премеьрі де таңқалған» деген тақырыппен тамаша естеліктержариялады. Соның екеуін қысқартып, «ҚазАқпарат» оқырманының назарына ұсынамыз.
*** Кезінде газеттердің бірінде жазылды, 1978 жылдың 6-13 қыркүйегінде Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясы өткені белгілі. Айтулы алқалы жиынға басқа атақты дәрігерлермен бірге құрметті қонақ ретінде әйгілі Джон мен Роберт Кеннедилердің інісі, америкалық танымал сенатор Эдуард Кеннеди де келген болатын. Мұхит асып келген мәртебелі мейманды Алматы маңындағы Социалистік Еңбек Ері Қапиза Әбдіғұлов басқаратын Мичурин атындағы колхозға апарып қонақ етіп, алдына басқа дәм-тұз, тағамдарға қоса апортты қойғанда, бұрын-соңды көрмеген алқызыл алманы көріп, тамсанып, қайта-қайта танауына апарып иіскей беріпті. Кетерінде: «осы алмадан маған үш-төртеуін берсеңіздер?» деген өтініш айтыпты. Бір қызығы, сол тұста осы кәдімгі алтын тәжді «Қазақ¬стан» қонақ үйінің жаңадан пайдаланылуға берілген кезі-тін. Соны мақтаныш көріп, «Қалай біздің қонақ үйіміз сізге ұнады ма?» деп сұраған журналистерге Э. Кеннеди: «Америкада менің мұндай үш қонақ үйім бар. Дегенмен, маған сіздердің қонақ үйден гөрі ғажайып апорт алмаларыңыз ұнады» деп жауап беріпті. Бұдан өзге Алматының апортына қатысты кейде қы¬зықты тарихи фактілер де айтылып жатады. Қаншалықты рас екенін қайдам, әйгілі 1943 жылдың 28 қараша - 1 желтоқсан аралығында болған Тегеран конференциясы табысты аяқталғаннан кейін И.В. Сталин Англия мен АҚШ басшыларының құрметіне Ирандағы кеңес елшілі¬гінде қабылдау жасаған көрінеді. Қабылдауда дастархан мәзіріне басқа жеміс-жидекпен қатар Алматының апорты да қойылыпты. Әрбір ерекше нәрсені қалт жібермейтін әккі саясаткер әрі аңғарымпаз ағылшын премьер-министрі Уинстон Черчилль (әңгіме болсын деді ме екен) апортты қолына ұстап тұрып, «хош иісті, мынадай экзотикалық алма қайдан келген?» деп сұрапты дейді. Оған И.В. Сталин маңғазадана сөйлеп: «Бұл алма біздегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Алматыда өседі. Социализм алмасының осындай ерекшелігі болады. Сенбесеңіздер, қараңыздар!» деп апортты көлденеңінен кесіп көрсеткенде ортасынан бес жұлдыздың сұлбасы шы¬ғыпты. Сонан соң Сталин үстел басында отырған Чер¬чилль мен Рузвельтке қарата сөйлеп: «Мырзалар! Өздеріңіз жақсы білесіздер, бес жұлдыз - Кеңес одағының символы. Сондықтан да бес жұлдыз белгі біздің Елтаңбамызда және Туымызда, ерлікке берілетін орден-медальдарымызда, тіпті, ақшамызда да бар» депті. Сөйтіп, И.В. Сталин У. Черчилльді сөзден ұтып, Руз-вельттің назарын аударыпты деседі. Осылайша Алматының апорты үш ұлы держава басшыларының жарасымды әңгімесіне себепші болыпты.