Мемлекет қауіпсіздігі бәрінен қымбат
Мемлекет қауіпсіздігі бәрінен қымбат
Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Отырыста Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет әлемдік экономикалық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігінің, қауіпсіздіктің және құқық тәртібінің қажетті деңгейін сақтап қалатынын атап өтті. Қазақстан Президенті экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдететін жаһандық факторлар ықпалын, көршілес өңірлердегі діни-экстремистік және террорлық сипаттағы қатерлердің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында атады. Мемлекет басшысы сондай-ақ, қалыптасқан жағдайда дағдарыс құбылыстарына лайықты түрде қарсы тұру үшін Қазақстан қоғамын ұйыстырудың маңыздылығын атап өтті. Президенттің көмекшісі-Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдардың 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ, әлемдегі экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы жағдайында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Н.Ермекбаев құқық қорғау органдарының қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қадамдар туралы әңгімеледі. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі. Көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екені атап өтілді. Бір жағынан, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық террорлық топтардың идеологтары мен үгітшілерінің, қылмыс әлемі өкілдерінің, заңсыз мигранттардың келуіне жол беруге болмайды. Отырыс барысында елімізде Конституция бойынша қос азаматтықтың мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол бермеу қажет екені атап өтілді. Жер телімдерін өздігімен басып алудың, бекітілген ережеден тыс бейберекет құрылыстардың жолы кесілуі тиістігі де айтылды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонның маңыздылығына назар аударды. Бұл азаматтардың ел аумағында орналасудағы теңсіздігін жоюды, сондай-ақ, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Президенті Қауіпсіздік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жүктеді.