Бюджет жоспары артығымен орындалды
Бюджет жоспары артығымен орындалды
дегенмен, назар аударатын мәселелер де бар
Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті қырық алтыншы сессиясының күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Облыстық мәслихаттың Байзақ ауданы №11 сайлау округінен сайланған депутат Дариягүл Қожамжарова төрағалығымен өткен мәжіліске облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыста мемлекеттік салықтық және бюджеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруда атқарылып жатқан шаралар туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбеков баяндады. Ол Елбасы Жолдауында бюджет саясатын оңтайландыру бағытында нақты жолдардың көрсетілгенін атап өтіп, мемлекеттік бюджет кірістерін толық орындау мақсатында, салықтарды әкімшіліктендіру, салық есептілігі нысанына камералдық бақылау жұмыстарын жүргізу, толық төленбеген салықтарды, алымдарды өндіріп алу, тақырыптық және кешенді салық тексерісі бойынша қосымша резервтерді табу үшін облыста өткен жылға бекітілген іс-шаралар бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілгенін жеткізді. – 2013-2015 жылдар аралығында салық төлеушілердің тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында түскен табыс сомалары бойынша сараптама жүргізудің де бюджет қоржынын толықтыруға айтарлықтай пайдасы тиді. Осы жылдар аралығында 245 салық төлеуші 50,3 миллион теңге сомасында қосымша декларацияларын ұсынған. Оның 43,1 миллион теңгесі қазынаға аударылды. Айта кету керек, былтыр мүлікті жалға беру бойынша алған табыстарынан салық төлеуге тарту мақсатында 163 жалға алушының нысандарының мекен-жайлары анықталған, – деген Асқар Тынысбеков барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн екенін айтты. Оның айтуынша, салықтық режімдерді оңтайландыру тек үш деңгейде ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай тетік көлеңкелі экономиканы жарыққа алып шығуға септігін тигізеді. Баяндамашы өткен жылы мемлекеттік бюджетті орындау бойынша болжамдық жоспар 112,6 пайызға орындалып, 7,6 миллиард теңге артығымен ел қазынасына құйылғанын айтты. Жергілікті бюджеттің орындалу көрсеткіші де 6 миллиард теңгеге артқанынан хабардар болдық. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы салық пен міндетті төлемдердің түсім көлемімен салыстырғанда 3,1 миллиард теңгеге артық орындалған. Бұл ретте, «Азия Газ құбыры» ЖШС былтыр жыл соңында жылдық салық төлемдерімен толық есептесіп қана қоймай, ағымдағы жылдың есебіне алдын ала 5,5 миллиард теңге аударып, салықтық берешектерді толық жапқанын айрықша айтып өтуге болады. Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік атқарылған жұмыстар жөнінде қосымша баяндады. – Өткен жылы облыс орталығында орналасқан «Тараз металлургия зауыты», «Тараз көлік жолы», «Жамбыл жол құрылыс», «Жамбылгипс», «Запчасть» акционерлік қоғамдарында және басқа да бірқатар өндірістерде өнім шығару көлемінің төмендеуі орын алып, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 91,3 пайызды құраған. Осыған байланысты облыста алдынғы жылмен салыстырғанда корпоративтік табыс салығының түсімдері былтыр 994,6 миллион теңгеге, іште өндірілетін тауарларға салынатын қосымша құн салығының түсімі де 337,0 миллион теңгеге азайған. Жергілікті бюджетте жеке табыс салығы, мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық артығымен орындалғанымен, акциздер бойынша болжам небәрі 75,5 пайызға, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы 79,1 пайызға, мемлекеттік баж 79,5 пайызға ғана орындалған, – деген Масат Әшімұлы жеке табыс салығы бойынша Тараз қаласы мен Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары межелеген жоспардың үдесінен шыға алмай отырғанын атап өтті. «Тараз металлургия зауыты» ЖШС өз жұмысын тоқтатуы, «Жамбылгипс», «Запчасть» акционерлік қоғамдары жұмысшыларының саны 139 және 74 адамға қысқаруы, сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының «Шатыркөл кен орны» ЖШС филиалының және «АмангелдіГаз» ЖШС-на қарасты кәсіпорындардың жұмыс орнын еліміздің басқа өңірлеріне ауыстыруына байланысты облыстық салық органдарының есебінен шығуы жергілікті бюджетке түсетін көптеген салық түсімдерінің едәуір азаюына әкеп соққан. Осыларды алға тартқан Масат Берік алдағы уақытта бұл секілді келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін өнеркәсіп өндірісі саласында өнім көлемін арттыруға, кәсіпорындардың қалыпты деңгейде жұмыс істеуіне барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдерінің, облыс әкімдігінің тиісті басқармалары барынша қолдау көрсетіп отыруы керектігін тілге тиек етті. Жарыссөзде сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев облыс әкімінен Талас ауданындағы 3 мыңдай тұрғыны бар Тамды ауылындағы су қоймасының сусыз қалғанын ескеріп, тамдылықтардың мәселесін шешіп беруін сұрады. Өз кезегінде облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев бұл тұрғыда Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиевке, облыс әкімдігі табиғи ресурстарды және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Серік Қойбақовқа сауалдар жолдап, жобаны жүзеге асыруға қажетті қаражат көлемін сұрады. Бұл тұрғыда мәлімделген екіұшты жауаптарға қанағаттанбаған Кәрім Нәсбекұлы жуырда ауданға арнайы жұмыс сапарымен барып, бұл жайтпен көзбе-көз танысатынын айтты. Жиын барысында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов және Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хабарлама жасады. Соңынан қаралған мәселелер бойынша шешімдер қабылданды. Облыстық мәслихаттың қырық жетінші сессиясының төрайымы болып №17 округтің депутаты Гүлсін Орынбаева сайланды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».