ЖУАЛЫДА ЖЕТІСТІК КӨП
ЖУАЛЫДА ЖЕТІСТІК КӨП
Өңірлік коммуникация қызметінде топырағынан 12 генерал, 3 Қазақстанның Еңбек Ері түлеп ұшқан Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің қатысуымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында брифинг өтті.
– Ұлт жоспарын басты бағдаршамымыз ете отырып атқарылған жұмыстар ауданымызда жетерлік. Қысы – қатал, жазы – салқын, батырлар мекені қашанда, қай салада болсын, тек жетістіктерімен үлгі болып келеді, – деп сөз бастаған аудан әкімі Жуалы жерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалына жан-жақты тоқталды. Қолда бар статистикалық мәліметтерге сүйенсек, расында да, ауданда барлық салада оң өзгерістер байқалады. Айталық, облыс бойынша майлы дақыл Жуалы ауданында көп егіледі. Былтыр 23206 гектар майлы дақыл жиналып, өнімділігі гектарына 6,5 центнерді құраған. 15,1 мың тонна өнім жиналған. Картоп өнімділігі гектарына – 225, көкөніс өнімділігі гектарына 228 центнерге жеткен. «Сыбаға» бағдарламасы – 115, «Құлан» бағдарламасы – 271, «Алтын асық» бағдарламасы 123 пайызға орындалған. Аудан бойынша 2700 шаруашылық субъектілері тіркелсе, жалпы, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің 98,5 пайызы жұмыс істеп тұр. Жуалылық кәсіпкерлер былтыр 900 миллион теңгеге жуық несие алып, кәсіптерін ілгерілеткен. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жуалыға күн электр стансасы салынып, пайдалануға берілген болатын. Жобасының жалпы құны 23,5 миллиард теңгені құраған стансаның қуаттылығы бүгінде 50 Мвт-ты құрап отыр. Ал жалпы, аудан бойынша тұтынылатын электр энергиясы 5 Мвт қана. Сондықтан, Батырбек Әбдірәсілұлының айтуынша, артылған электр энергиясы елімізге сатылуда. Ал алдағы уақытта стансаның қуаттылығын 100 Мвт-қа дейін арттыру көзделген. Былтыр «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша аудандық маңызы бар және ауыл ішіндегі автомобиль жолдарын орта және ағымдағы жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 217732,0 мың теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 7,4 шақырым ауыларалық 3 автомобиль жолы және 7,8 шақырым 14 көше жолы орта жөндеуден өткізілген. Аудан білім көрсеткіші жағынан да үздіктер қатарынан көрінуде. 2013-2014 жылдары Жуалы ҰБТ бойынша облыста бірінші орынды иеленіп келсе, соңғы екі жылда үшінші және төртінші орындардан көрініп келеді. Өткен жылдың 1 қазанына дейінгі статистикалық мәлімет бойынша, ешбір ана өлімі орын алмаған. 1 жасқа дейінгі бала өлімі 2014 жылмен салыстырғанда 5 нәрестеге азайған. Яғни, былтыр шетінеген нәресте саны – 4. Туберкулезбен науқастанушылық та арғы жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі қазіргі таңда 4,9 пайызды құраса, Жуалы ауданында бұл көрсеткіш – 2,6 пайыз. Жуалының жетістіктерімен бөліскен аудан әкімі брифинг соңында журналистердің сұрақтарына да толыққанды жауап берді.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».