Үгіт жүргізудің тәртібі қандай?
Үгіт жүргізудің тәртібі қандай?
Орталық сайлау комиссиясында ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлауға қатысушы саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібі мен шарттары жөнінде брифинг өткізді. 20 ақпан күні партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда сайлауалды үгіт жұмыстары басталды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен атап өткендей, партиялық тізімдер ұсынған саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын, жаңалықтар және талдау бағдарламаларынан өзге бар ақпарат партиялардың сайлау қорынан төленуі тиіс. Жаңалықтар және талдау бағдарламаларын дайындауда партиялар мен кандидаттардың қызметін тең үлесте жариялау жөніндегі талап сақталуы қажет. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды қажет етпейтін сайлауалды үгіт жүргізуге құқылы, – деді ОСК мүшесі әрі қарай. – Сайлауға қатысушы саяси партияларға шарттық негiзде баспасөз бетiнен орын немесе эфир уақытын беруге Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркегені туралы шешімінің көшірмесі және өкілетті адам қол қойған БАҚ басшысының атына жазбаша өтініш негіз болады.
Шарттың талаптары белгiлi бiр партияға артықшылық туғызбауға тиiс, ал саяси партияның бірiне эфир уақытын және баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсімi басқа да партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруі болып табылады».
Оның хабардар етуінше, кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, олардың лауазымды адамдарының, Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшiлерiнің, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялардың, сайлау комиссиялары мүшелерiнің, діни бiрлестiктердің сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге құқығы жоқ. Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдердiң заңды тұлғалары мен халықаралық ұйымдардың үгіт қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ. «Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде интернет-ресурстар, барлық бұқаралық ақпарат құралдары сияқты, сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi, – деп жалғастырды сөзін ол. – Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi. Сонымен қатар, сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады». Бұдан кейін ОСК мүшесі үгіт материалдарын қай кезде жариялауға болмайтынына тоқталды. «Сайлау күні және оның алдындағы күнi БАҚ-та үгіт материалдарын жариялауға болмайды, – деді ол осы жөнінде. – Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Үгіттік, оның ішінде интернет желісінде таратылатын материалдардың авторлығын айқындау мүмкіндігі жоқ жағдайда, олар анонимді болып саналады. Анонимдік материалдарды тарату үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген». Брифинг барысында Л.Сүлеймен БАҚ өкілдерін бұқаралық ақпарат құралдарының үгіт жүргізу кезеңіндегі қызметіне қатысты неғұрлым жиі қойылатын сұрақтарына жауаптарды ҚР ОСК өзінің ресми интернет-ресурсында «Сұрақ-жауап» бөлігінде орналастырғаны туралы да ақпараттандырды. «Сайлау туралы заңнама қазір интернет мәселелерін толығымен реттемейтінін бәрі біледі. Мұндай жағдайда сайлау үдерісіне тартылғандардың барлығының бірыңғай түсінігі мен сындарлы тәсілдемесі болуы маңызды. Сондықтан Ортсайлауком электораттық үдерістің барлық субъектілерімен (партиялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, Бас прокуратурамен, ақпарат саласындағы өкілетті органмен) үгіт науқаны заңнаманы бұзушылықтарсыз өтуі үшін, икемді және жедел жауап қату мүмкіндіктерін қарастырады», – деп атап өтті Л.Сүлеймен.