Денсаулық

Жамбылдық кәсіпорындар мен ұйымдар бос орындар жәрмеңкесінде 380 жұмыс орнын ұсынды

Жамбылдық кәсіпорындар мен ұйымдар бос орындар жәрмеңкесінде 380 жұмыс орнын ұсынды

Мыңнан астам жамбылдық «Баласағұн» ОКЗ облыстық бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Шараны Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырды.

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, шараға 380 бос орын ұсынған 66 кәсіпорын мен мекеме қатысты.  Жәрмеңкеде 1 мыңнан астам жамбылдық болды. Жұмыс іздеушілер үшін ақпараттық стендтер орнатылды. Еңбекпен қамтудың және әлеуметтік қорғаудың  белсенді шаралары бойынша буклеттер ұсынылды.

Жұмыс туралы жұмыс берушілермен әңгімелесу мүмкіндігіне 783 адам ие болды. 384 жұмыссыз адам еңбек заңнамасы мен әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша кеңес алды. 91 адамды еңбекпен қамту туралы алдын ала шешімдер қабылданды, олардың 22-сі  мүмкіндігі шектеулі жандар.

Бос орындар жәрмеңкесіне Talas Investment Company, «ЕврохимУдобрения», «Таразкожобувь», «Жамбылнедр», «Әулие-АтаТрансПасс», «Жамбыл электр желілері» серіктестіктері, «Таразтрансэнерго» МКК қатысты.

Техникалық мамандықтар бойынша ұсынылған бос орындардың ішінде инженер-технологтар, химиктер, экологтар, механиктер, сонымен қатар химиялық сараптама зертханашылары, аппаратшылар, электриктер, жүргізушілер, машинистер бар.

Жамбыл облысының медициналық-әлеуметтік мекемелері үшін түрлі бағыттағы дәрігерлер, клиникалық фармакологтар, медициналық техниктер,  химия, физика, тарих, орыс тілі және әдебиеті, музыка пәндерінің мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, өндірістік оқытудың шеберлері керек.

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінде 2015 жылы облыс бойынша 28 бос орындар жәрмеңкесі өткізілгені туралы еске салды. Онда 561 жұмыс беруші 1 603 бос орын ұсынды. Шараға 2 869 жұмыссыз азамат қатысты. Нәтижесінде 1 239 адам жұмыспен қамтылды, соның ішінде 825 тұрақты жұмыс орнына орналастырылды.

Жамбыл облыстық әкімдігінде биыл осындай бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылатыны жайлы айтылды.