Әлеумет

АЛАР БИІГІ АЛДА ЕДІ

АЛАР БИІГІ АЛДА ЕДІ

Менің балалығымның базары негізі Жуалы ауданындағы Билікөл ауылында өтті. Кейіннен өмірдің сан салалы жолына түсіп, ауылдан алыстап кеттім. Мектепті бітірген соң Отан алдындағы әскери борышты өтеу кезінде Ауғанстанда өткен жылдар, одан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында өткен қызығы да, қиындығы да мол студенттік шақтар, алдағы арман-мақсаттарға ұмтылу... Тағдыр жолы – сан тарам. Билікөл де, бал дәурен балалық та осылай алыстап кетті. Талай-талай жердің дәмін татып, суын іштім. Университеттен кейін прокуратура саласына қызметке орналасып, сергелдеңі көп сол жылдарда тергеушінің тынымсыз жұмысына араласып кеткен едім. Оның үстіне, әке-шешем үй-күйімен Талғар қаласына қоныс аударды. Сөйтіп жүргенде туған мекенге ат ізін сала алмағаныма 15 жылдай уақыт өтіп кетіпті. ...Мен еліміздің бес облысында қызмет атқарып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы департаментінің бастығы лауазымынан Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, Шымқалаға барғанымда Талғат Әбсаламов ақжарма көңілмен құттықтап келген. Онымен алғаш жақын танысқаным сол тұс еді. Осы кездесуден соң Талғатпен араласып кеттім. Әсіресе, атам – Міраздің сол Билікөлдегі «Берікқара» сайында салынған үйін қайта сатып алған соң аралас-құраластығымыз жиілей берді. Талғаттың өте білімді, біліктілігі жоғары, ой-қиялы деңгейінің биік екенін байқадым. Оның Мәскеудің Еңбек Қызыл Ту орденді гидромелиоративтік институтын инженер-техник мамандығы бойынша бітіргені тегін емес. Ондай оқу орнына тамыр-таныссыз оқуға түсу сол кездерде өте қиын болатын. Бірақ Тәкең жан-жақты, білімді азамат болғандықтан, өзінің қабілеттілігінің арқасында ғана осыған қол жеткізген. Мәскеу институтын бітірген Талғат маман ретінде де, көшелі ұл ретінде де, өзі қатарлы азаматтарға үлгі ретінде де алда болғанын өз көзіммен көрдім. Балалықтың алтын бесігі болған Билікөлден осындай азаматтың шыққанын мақтан тұрамын. Заман өзгерісіне орай кәсіпкерлікпен де айналысты. Қандай іске кіріссе де ұршықтай айналдырып әкететін іскерлігі, адамгершілік қасиеттері арқылы ерекшеленіп жүретін. Азамат-ай! Туған ауылын, алтын бесігін ұмытпапты. Осылайша өзі түлеп ұшқан туған ауылына әкім болып келді. Ал өз ауылыңа әкім болу оңай тірлік емес, оның үстіне жұрттың бәріне бірдей ұнай алмайсың. Талғаттың туған ауылды көркейту ісіне білек сыбана кіріскен іскерлігі әлі есімде. Жүзі бал-бұл жанып, алдағы іс-жоспары туралы маған шабыттана айтатын, әр ісін бастарда екеуміз ақылдасушы едік. Ол ең алдымен ауылға асфальт жол салғызу, мектепті жөндеуден өткізу туралы ойын маған айтып, екеуміз кеңінен кеңестік. Ақыры бұл ойымыз іске асып, ауылымызға апаратын даңғыраған асфальт жол салынып, өзіміз оқыған білім ошағына күрделі жөндеу жүргізілді. Сол кезде ауыл адамдарының, әсіресе мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қуаныштарында шек болмады. Тәкең сонымен қатар тұрмысы нашар отбасыларына да қамқор бола білді. 2013 жылы ауыл үстінен алапат құйын өтіп, нағыз табиғи апат болған еді. Үйлер бүлінді, ағаштар тамырымен опырылып, электр бағаналарының сымдары үзіліп, бау-бақшалар залалданды. Зиян шаш-етектен еді. Апат салдарын жою шараларын жүзеге асыруға жұртшылықты кеңінен ұйымдастыра білді. Атпал азамат, ауыл әкімі Талғат Түгелбайұлы сол бір ауыр күндері өзін нағыз ел жанашыры ретінде көрсетті. Ақылдаса келе, жұрт еңсесін көтеру мақсатында және мұндай апат енді қайталанбаса екен деген ниетпен ауылда үлкен ас беруді ұйымдастырдық. Ауыл тұрғындары бір серпіліп қалды, үлкендер разы болып, баталарын берді, қиын сәтте қамқор болатын азаматтары бар екеніне шүкіршілік етісті. Елін сүйген Тәкеңнің жиі айтатын бір ойы бар еді. «Ауылымыздың қамын бәріміз де ойлауымыз керек» дейтін. Талғатпен кеңесе отырып, біз Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылды өркендетуге көп күш-жігерін жұмсаған марқұм әкем Төреге арнап, жыл сайын футбол, волейболдан турнир өткізіп тұруды әдетке айналдырған едік. Қарттар тамашалап, жастар сергіп, ауыл дүр сілкініп, түлеп қалатын. Шіркін, Тәкең жүрген сол кездер-ай! Жолында жүк қалдырмайтын нағыз нар жігіт әрі ізін басқан талай жастарға үлгі болған жан еді ғой. 90-шы жылдардағы қоғамдағы зор өзгерістерден кейін еліміздің басқа өңірлеріндегідей Билікөлде де дағдарыс етек алып, ауыл жүдеді, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына, ауыл тұрғындарының кейбірі жақын қалаларға қоныс аударды. Одан кейінгі орын алған қиындықтар да біте қойған жоқ болатын. Ауыл әкімі болып тағайындалған соң Талғат Әбсаламов бұрынғы кездегі береке-бірлікті, ауыл адамдарының татулығын, ұйысқан тіршілігін қалпына келтіруді мақсат етіп, сол мұратқа жетуге ұмтылды. Шаңырағы ортаға түскен үй-жайларды қалпына келтіріп, қоқсыған көшелерді көркейтуге ұйытқы болды. Иә, қолынан іс келетін, атпал азамат Талғат Түгелбайұлы анау бастан халыққа қамқорлық жасайтын қызметтерде болса, талай адамды шаттыққа бөлер еді. Оның ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін байқаған облыс басшылары Тәкеңді аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындауды ұсынғанда аймақ басшысы құптаған еді. Бірақ Тәкең ол күнге жете алмастан қапияда көз жұмды. Қапелімде болған қыран қазасы шынында да қияда екен. Биік мақсаттарға жетуге өрлеп келе жатқан Талғат Түгелбайұлы автокөлік апатында көз жұмды. Дос қазасы жаныңа қатты батады екен. Қазір бір ой мазалай береді: халыққа қамқор, ауылына жанашыр осындай азамат тірі болса, көптеген биіктерге көтеріліп, ауыл түгілі, ауданның да мәртебесін көтеруге зор үлес қосатынына күмән жоқ еді. Қазақта «Жақсы әкеден жақсы ұрпақ тарайды» демекші, Тәкеңнің ұрпағы Айдос Талғатұлы да «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілді ұстанып, өзі таңдаған мамандық бойынша еңбек етіп жүр. Тәкеңдей әкенің тәрбиесін алған, көкірегі ашық, көңілі ояу, түйгені мол ұрпақтарының биіктерге жететініне кәміл сенемін. «Жақсының аты өлмейді» деген осы емес пе?!

Ғабит Миразов, Алматы облысының прокуроры.