Он екінші тур: «Тараз» тағы да тізе бүкті
Он екінші тур: «Тараз» тағы да тізе бүкті
Он екінші турдағы ойындар негізгі тартыс қай командалардың арасында өтетінін анықтап бергендей болды. Өз алаңында кеншілерді қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жеткен «Ақтөбе» биыл да чемпиондық атақты қорғап қалуға дайын екендіктерін аңғартқандай. Турнир кестесінің басында топ бастап тұрған ақтөбеліктерді әзірге қуып жететін клуб табылмай тұр. Елордалықтар – екінші сатыда. Ал, «Қайсар» «Астана» командасын өкшелеп келеді. Он екінші турда «Таразды» өз алаңында тізерлеткен қызылордалықтар шынында да қайсар екен. Ойынның негізгі уақытысы аяқталуға бір минут қалғанда Хунт мергендігімен танылды. Д. Огайдың шәкірттерінен дәл қазір астаналықтар бір ғана ұпай айырмашылығымен озып тұр. «Қайсар» командасының ойынына қарап, еріксіз бас шайқайсың. Былтырғы маусымдағы өнері көз алдымызда. Бір жыл ішінде едәуір өскен. Ең бастысы, командалық ойын бар. Қорғанысы мықты, қарымта шабуылдары да өткір. Міне, осы шабуыл өтіндегі өткірлік оларға көмектескен. Үш ұпайды еншілеп, алматылық «Қайрат» пен қарағандылық «Шахтерді» артқа қалдырды. Ал, қолда тұрған бір ұпайдан да айырылған «Тараздың» қазіргі халі онша емес. Он екі турдан кейін 11 ұпаймен 11-орында. Он екінші тур ойындары жасыл алаңда ғана тартысты өткен жоқ. Талас-тартыс матч аяқталғаннан кейін де басылмаған секілді. Өз алаңында семейлік «Спартакты» 5:0 есебімен тас-талқан етіп жеңген керекулік клубтың директоры Халімжан Ержанов пен осы мекеменің спорттық директоры Болат Ысқақовты белгісіз біреулер ұрып кетіпті.
Ардақ Үсейінова,
"Ақ жол".