Білім

«Дарынның» дарындары бар

«Дарынның» дарындары бар

Облыстық «Дарын» мектебінің мәжіліс залында «Баспасөз құралдарының бүгінгі таңдағы рөлі мен маңызы» тақырыбында жергілікті мерзімді басылым және электронды ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Шараның барысына аталған мектептегі «Тау тұлға» бірлестігінің төрайымы Шәкизат Ыбыраева жетекшілік жасап, жүргізіп отырды. 

Облыстық «Арай» жастар газетінің тілшілері Хамит Есаманның, Тұрсынбек Сұлтанбектің журналистиканың қазанында қайнап келе жатқаны туралы қызықты әңгімелері «Дарындағы» дарынды шәкірттерді баурап алды. «Қазақстан – Тараз» телеарнасының журналисі Айбол Қараш облыстағы бірден-бір электронды ақпарат құралының бүгінгі бейнесін, жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүретінін айтып берді. Ашық әңгіме барысында оқушылар журналистерге өз сауалдарын қойып, жауап алды. Мәселен, «Әдебиет өкілдері, журналистер материалдық тұрғыда байлыққа жете ала ма?» деген сауал болды. Бұл сауалға журналистер қаламгерлердің, ең бастысы, рухани тұрғыда бай болатынын айтты. Сондай-ақ, жиын барысында дарынды шәкірттер Жомарт Есқара, Жанел Құрмаш, Маржан Құрманәлі балауса жырларын қаламгер ағаларының талқысына ұсынды.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.