«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»
Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Шығыстың бір данышпаны «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел, сонан соң балаң мен достарыңды түзе» деген екен. Ана тілге жанымыз ашитын болса оны қадірлейік, өзгелерге де қадірлетейік, бұл – бәріміз үшін тарихи жауапкершілік. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді 2017 жылы 80 пайыз, 2020 жылы 95 пайыз меңгеруге тиісті. Облыстық ішкі істер департаментінде облыс әкімдігінің 2011 жылғы 25 тамыздағы №301 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша «Үш тұғырлы тіл» ұлттық мәдени жобасын іске асыру мақсатында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы «Мемлекеттік тілді оқыту орталығымен» бірлесіп, ағылшын және орыс тілдерін ақысыз негізде оқыту қолға алынып отыр. Өткен жылдың мамыр айында ІІД мемлекеттік тілді оқыту курсының 38 тыңдаушысына бастауыш деңгейді бітіргені туралы куәлікті салтанатты түрде табыс етті. Солардың бірі Тараз қалалық жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы Антон Космынин осы оқыту курсына қатысуға ниет білдіріп, енді қызмет барысында ешбір қиналмағанын, мұнымен шектелмейтінін, Елбасының тіл саясатының талаптарын орындап, «Үш тұғырлы тіл» жобасын қолдай отырып, ары қарай тілдерді барынша меңгеруге күш салатынын айтты. Әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндіктерін кеңейту үшін, қоғам, мемлекет ісінде өзін көрсете білуі үшін тілді білу – парыз. Халқыңа, оның мәдениетіне, дәстүріне деген көзқарас тілден басталады. Тіл – халықтың өткенін, бүгінгісін және келешегін жалғайтын алтын көпір. Сондықтан «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасы да дүниежүзіндегі алдыңғы қатардағы мемлекетке тән құбылыс. Қазақстан әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған кезде мемлекеттік тілдің келешегі кемел болуы қажет. Жол-патрульдік полиция батальонының кіші басшы құрамы арасында қызмет атқару саласын ескере отырып, халықпен тығыз қарым-қатынас жасауда, іскерлік байланыстарды сауатты жүргізу мақсатында 2015 жылдың наурыз айынан бастап, аптасына екі рет қазақ тілі курсының сабақтары ІІД басшысының орынбасары Қ.Шоңғарбаевтың бастамасымен жүргізілуде. Қазіргі уақытта ЖППБ қызметкерлері қатарынан 300 қызметкерге қатысты арнайы сабақ кестесі жасалынды. Облысымыздағы қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде күн-түн демей тер төгіп жүрген тәртіп сақшылары уақыт тауып, ісқағаздарды ресімдеуге қатысты біліктіліктерін арттыруда.
Гүлвира Сатыбалдиева, облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің қызметкері.
Тараз қаласы.