- Advertisement -

Назарбаев нағыз патриоттың қандай болатынын түсіндірді

88

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлау алды штабында болып, сондағы сөзінде нағыз патриоттың қандай болатынын түсіндірді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Нағыз патриот — өз елін мақтайтын адам емес, қайта кемшіліктерді көріп, ұнамсыз тұстарды жөндеуге ықпал ететін адам. Сайлау жалпыхалықтық іс болып саналады. Біз дағдарыстан мемлекетіміздегі бірлік пен тұрақтылық арқасында өтіп шыға аламыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, партия төрағасы «Үгіт-насихат жұмыстары және логистика тобының», «Ұйымдастыру жұмыстары тобының» және «Ақпараттық-сараптамалық топтың» қызметімен танысты.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті өңірлік штабтар басшыларымен және мүшелерімен бейнеконференция режімінде кеңес өткізіп, барлық облыстық штабтардың үгіт-насихат науқанына дайындығы туралы есептерін тыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолғы электоралдық кезең Парламент Мәжілісімен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауының өткізілетіндігімен ерекшеленетінін айтты.

«Ертеңгі күннен сайлау алдындағы үгіт-насихат басталады. «Нұр Отан» партиясының XVII съезінен кейін бүкіл елде елеулі жұмыстар атқарылды. Қажетті үгіт-насихаттық өнімдер даярланды, Республикалық және өңірлік штабтар құрылды, партияның кандидаттары сайлау алдындағы науқанға дайын. Партиялық тізімге экономика салаларында, мәдениет пен қоғамның әлеуметтік өмірінде жұмыс тәжірибесі бар, алуан түрлі кәсіптің мамандары кірді. Бұл халық мұқтаждықтарын шешетін кандидаттардың құрамы сапалы екенін көрсетеді. Біздің партия сайлаушылардың дауысын иелену үшін сайлау алдында ашық әрі әділ күрес жүргізуге ниетті екеніне сенімдімін. Тұрақты диалог жүргізіп, азаматтарымыздың сауалдарына дереу үн қату керек. Біздің жұмысымыздағы негізгісі осы», — деді Қазақстан. Президенті.

Мемлекет басшысы кез келген саяси партия үшін сайлау шешуші сәт екенін атап өтті. «Сайлау қорытындысы бойынша партияны ғана емес, оның мақсаттары мен бағдарламаларын қолдау деңгейі де анықталады. Электоралдық науқан ұйымдастырушылық және кадрлық әлеуетті, саяси және практикалық мүмкіндіктерді жаңа қырынан ашуға мүмкіндік береді. Сайлау науқандары партия кадрларын нығайтады және жаңартады, оны жаңа белсенділермен, жақтастармен толықтырады, болашақта ел басшылығына араласатын талантты саясаткерлерді танытады. Әрбір сайлау — партия құрылысындағы жаңа баспалдақ», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті алдағы үгіт-насихат науқанының негізгі аспектілеріне тоқталды. Атап айтқанда, Елбасы «Нұр Отан» бүгінде дағдарысқа қарсы тұрақтандырушы партия болып саналатынына назар аударды.

«Өзіміздің саяси, заң шығарушылық бай тәжірибемізді, кадрлық әлеуетімізді біз жаһандық дағдарыстың ықпалына қарсы тиімді іс-қимыл жасауға бағыттаймыз. Менің таяуда өткен Үкімет отырысында дағдарысқа қарсы күрес жөнінде берген тапсырмаларымның маңыздылығын барлық қазақстандықтарға түсіндіруге айрықша ден қою қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті партияның негізгі міндеті Ұлт жоспарын тиімді орындау, «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мақсатына қол жеткізу, сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру болып табылатынын айтты. «Түптеп келгенде, осының бәрі әрбір азаматымыз үшін жағдай жасайды. Осының бәрі әрбір қазақстандық лайықты жұмыспен қамтылып, жоғары кәсіби біліктілікке ие болуы үшін жасалуда», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сайлау штабтары қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажына айрықша көңіл бөлгені жөн екенін айтты. «Электоралдық кезеңде қоғамдық қабылдаулардың жұмыстарын жандандыру маңызды. Депутаттыққа кандидаттар күнделікті тәртіп бойынша азаматтарды қабылдауы тиіс. Сенімді тұлғалар белсенді жұмыс істеуі керек. Жұрттардың барлық сауалдарына жедел әрі нақтылы үн қатып, мәселелерін шешуге көмектесу қажет», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев азаматтық татулық, құқық тәртібі, заңға бағынушылық «Нұр Отан» партиясы қоғамда орнықтыруға ұмтылып отырған басты негіздер екеніне назар аударды. «Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық — біздің барша қазақстандықтарға тастайтын басты партиялық ұранымыз», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік ахуалдың ширығуы жағдайында біздің ел теңгерімді сыртық саясат жүргізіп, жаһандық диалогты ілгерілетіп, сенімді қалпына келтіруге шақыратынын айтты.

«Біздің сыртқы саяси бағдарымыз — Қазақстанмен өзара іс-қимылға мүдделі барлық мемлекеттермен тиімді ынтымақтастық орнату. Біздің шекарамыз әрқашан достық пен тату көршіліктің шекарасы, ал бүкіл Орталық Азия өңірі тұрақты әрі қауіпсіз болып қалуы тиіс. Біз үлкен Еуразияны сенімнің, ынтымақтастықтың, тығыз экономикалық байланыстардың, ортақ қауіпсіз кеңістіктің құрлығы ретінде қалыптастыру  жағындамыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жаңа сайлауалды бағдарламаның ережелері Қазақстанды жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында табысты дамыту жөніндегі прагматикалық міндеттерді қамтитынын айтты. «Жаңа жағдайларға бейімделу қажет. Шикізат бағасының көтерілуін күтпей, күн сайын қажырлы еңбектену керек. Әлемде пайдалы қазбаларсыз да өмір сүріп жатқан дамыған елдердің мысалы көп», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық азаматтарға түсінікті сайлауалды науқанын жүргізуі керектігін айтты. «Шерулету пен жасандылықтың қажеті жоқ. Әрине, бұқаралық үгіт шаралары маңызды, бірақ бастысы бұл емес. Әрбір адамға сөзіміз жету, жұмысымыздың мәнін БАҚ пен белсенділер арқылы түсіндіру маңыздырақ. Дабыра ұрандатулар аз, нақты істер көп болуға тиіс. Бұл үшін партиялықтар қоғамның барлық топтарының — ауыл мен қала тұрғындарының, кәсіпкерлер мен зиялы қауымның мұң-мұқтажын білуі және ескеруі керек. Электоралдық кезеңді азаматтарымызды топтастыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға қолдану қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті барлық партия ұйымдары мен сайлау штабтары қолданыстағы сайлау заңнамасын және еліміздің Конституциясын қатаң сақтаудың үлгісі бола білуге тиіс екеніне назар аударды. «Бүгінде сайлауға қатысатын барлық саяси партиялар үшін абсолюттік тең құқық қамтамасыз етілген. Инвестиция және даму жөніндегі  министрлік Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, барлық саяси партиялар үшін бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек. Алдағы сайлау халықаралық қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудырып отыр. Біз барлық шетелдік байқаушылар,  халықаралық қоғамдық бірлестіктер үшін ашықпыз және оларға қажетті барлық жағдайды жасаймыз», — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураға қазіргі электоральдық цикл барысында заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалау, ондай жайттар байқалған жағдайда жедел шаралар қабылдау тапсырылғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының елеулі тарихи оқиға жылында — Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында өткелі отырғанына тоқталды. «Осы уақыт ішінде біз бүкіл әлемге танымал табысты мемлекет құрып үлгердік. Менің есіме БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы  К.Аннанның сөзі түсіп отыр, ол елімізде болғанда Қазақстанды біз әлем картасына орналастырғанымызды айтып еді. Шыныда да солай. Тәуелсіздіктің бастапқы ширек ғасыры халқымыз үшін қиын шешімдер мен сынақтар жылдары болды. Біз бірнеше дағдарысты табысты еңсердік», — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Нұр Отанның» 17 жылдан бері үкіметті құрап, халықты соңынан ертіп келе жатқан және парламентте көпшілік орынға ие партия екенін еске салды.

«Нұр Отанмен» бірге Қазақстан көп нәрсеге қол жеткізді. Біздің партия — бүгін не істеу керек екендігін білетін саяси күш. Бір кезде Конфуций: «Халықты басқарғың келсе — оның соңына ер» деген. Біз осы жылдардың бәрінде нақ солай істедік. Біздің терең ойластырылған стратегия және жоспарларымыз бар, біз еліміз тек алға басу үшін қоғамды ұйыстырып, Қазақстанды дамыту мақсатын көздеп отырмыз. Біздің барлық партиялық штабтарымыз орталықта да, жергілікті өңірлерде де қарқынды сайлауалды жұмысын жүргізеді деп сенемін. Бұл үшін ресурстар, кадрлар, миллиондаған жақтаушыларымыздың қолдауы — қажеттінің бәрі бар», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті біздің ел астында Қазақстанның көпұлтты халқы тұратын және баршаның тең құқығы қамтамасыз етілген алып шаңыраққа айналғанын айтты. «Бұл қағидаттар біздің Конституциямызда және заңдарда көрініс тапқан,  «Нұр Отан» партиясы олардың қатаң сақталуына қол жеткізуі тиіс. Қандайда бір этностың құқығы бұзылуына жол беруге болмайды. Адамзаттың бүкіл тарихында өзінің өзгелерден артықшылығын айтқан бірде-бір ұлт табысқа жеткен емес. Тәуелсіздік тарихы бізді бірлікке, еңбексүйгіштікке, тұтастыққа үйретті», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың қазіргі жас буынының үлесіне тәуелсіз жаңа мемлекетті құру миссиясы тигенін атап өтті. «Біз керемет елде және керемет кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дәл осы жылдар тарихқа кіреді және бұл кезең туралы кітаптар жазылатын болады, біздің міндетіміз — Қазақстанды өзімі және ұрпақтарымыз үшін шаттыққа толы шаңыраққа айналдыру», — деді Мемлекет басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support