Экономика

Қолдау бар жерде нәтиже болады

Қолдау бар жерде нәтиже болады

Бекболат Мұханов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Қой жылы қазақ жұрты үшін той жылы болғаны мәлім. Облыс әкімінің басшылығымен өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында өңірде көптеген спорттық шаралар өткізілді. «Еуразия барысы» мегажобасында қазақ күресінің шеберлері мерейімізді асырды. Абыройымызды асқақтатты. Тұңғыш рет торқалы той кезінде Тараз төрінде ат полосы ойынының тұсауы кесілді. Жамбыл өңірінің абыройын асырған саңлақтарымыз әлемдік, құрлықтық, халықаралық додаларда алтыннан алқа тағынды. Айталық, дзюдошы Елдос Сметов тұңғыш рет қазақ оғландары арасынан шыққан әлем чемпионы атағына ие болса, боксшы Олжас Сәттібаев Азия чемпионатында атой салды, атан жілік балуанымыз Бейбіт Ыстыбаев алғаш рет «Қазақстан барысы» додасының екі дүркін жеңімпазы деген атаққа ие болды. Ол аз десеңіз, тұңғыш рет ұлттық лигаға жолдама алған «Тараз» волейбол клубы өз тарихында дебютант статусына қарамастан, чемпион атанды. Суперкубокті де жеңіп ала білді. Осылайша аймақтың намысын абыроймен қорғады. Жалпы алғанда, Жамбыл өңірі нағыз спорттық аймақ екені белгілі. Осы орайда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қолдауын біздің спортшылар толыққанды сезінуде деп айта аламын. Мәселен, әлемдік немесе құрлықтық додаларда қатарынан оза шауып, бәйге алған өрендерімізді қабылдап, құрмет көрсетеді. Бұл әрине, жасындай жарқырап жүрген жампоздарымыздың намысын қамшылай түсері анық. Одан бөлек, спорт саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл жылыстаған сайын артпаса, кеміген емес. Түйіп айтқанда, спорт саңлақтары да, сала мамандары да облыс басшысының қам­қорлығын молынан сезінуде.

Тараз қаласы.