ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ САҚТАЛАДЫ
ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ САҚТАЛАДЫ
Өңірлік телекоммуникация қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен дәстүрлі брифинг аса маңызды саяси науқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына арналды.
Брифингте Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының аймақтық филиалының басшысы Парида Мамедова сөз алып, саяси науқан – сайлаудың заң аясында өтуі демократиялық үрдістердің ашықтығын көрсететінін атап өтті. – Биылғы Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы мерзімінен бұрын өткелі отырғандықтан, дайындық шаралары да қолға алынды. Комиссия барлық кандидаттарға теңдей жағдай жасалуын қамтамасыз етуге жұмыс жасайтын болады. Комиссияның міндеті – сайлауда орын алатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Комиссия мүшелері бақылаушыларды арнайы оқыту семинарлары мен тренингтерден өткізеді. Облыстың барлық сайлау учаскелерінде 400-ден астам бақылаушы жұмыс жасайтын болады. Басты талап – олар «Cайлау туралы» Заңды білуі қажет. Сонымен қатар, арнайы әдістемелік құралдар, жадынама және хаттама үлгісі келтірілген бақылаушы күнделігі дайындалды. Бақылаушы қойын кітапшасы дауыс беру басталысымен және аяқталғанда толтырылатын хаттамадан тұрады. Филиал кеңсесі үздіксіз жұмыс жүргізеді. Демалыс күндері арнайы кезекшілік ұйымдастырылады, – деді П.Мамедова. Одан әрі ол қоғамдық комиссияның аймақтық филиалы жұмысының үш кезеңнен тұратынын еске салды. Бірінші, қоғамдық комиссияның аймақтық филиалының жұмысын ұйымдастыру (сайлауға дейінгі кезең: облыстың белсенді азаматтарынан бақылаушыларды таңдап, оларды арнайы әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету және оқыту семинарын өткізу). Екінші, дауыс беру жүйесімен танысу мен қадағалауға және дауысты санау, сайлау комиссиясының қорытынды хаттамасымен танысу (бақылаушы сайлау күні Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның аймақтық филиалымен байланыста болып, сайлау барысы жайлы хабарлама беріп отыруы тиіс). Үшінші, сайлаушылар тарапынан түскен шағымдарды қарастыру және жоғарыдағы сайлау комиссиясына бағыттау (сайлау аяқталған соң өз жұмысының нәтижесін жариялау). Филиал басшысы барлық қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен әріптестік қатынас орнататындарын да жеткізді. Сайлаудың әділ және халықаралық талаптарға сай өтуін қадағалап, ақпараттандыратын болады. Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының облыстық филиалы штабының мүшесі Альбина Тапаева да саяси науқанды өткізу туралы өз ойларымен бөлісті. Штаб Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, №7 үйдегі Тараз мемлекеттік университеті бас ғимаратындағы 3-қабаттың 302-бөлмесіне орналасқан. 50-17-21 сенім телефоны жұмыс істейді. Брифингте ел өміріндегі аса зор саяси науқанға байланысты журналистер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, нақты жауаптар алды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».