Әлеумет

Шоқ-шоқ дегенше, жақсылық жасайық

Шоқ-шоқ дегенше, жақсылық жасайық

«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, әлеуметтік желінің пайдалы және зиянды жақтары қатар жүретінін қаперімізге ала бермейміз. Ауылда тұрсақ та, қалада тұрсақ та әлеуметтік желіге еркін еніп, ондағы ақпараттармен танысып тұруға мүмкіндік бар. Сол желілерге кірсеңіз, небір жайттарға тап болатынымыз сөзсіз. Әсіресе, «аузымен орақ орып, тілімен кетпен шапқан» кейбір жандардың ондағы белсенділіктері «апыр-ай, ә» дегізеді. Олардың айтуына карасаң, тәуелсіз еліміз құлдырап, сағат санап кері кетіп бара жатқандай әсерде қаласың. Жаңбыр жаумай су болып, қара аспанды төңдіргенде алдына жан салмайды. Құдды бір үйінде жатып-ақ ел тағдырын солар ғана уайымдап, солар ғана түсінетін секілді. Ондайлардың бар ойы – елді арандату, барды жоқ етіп көрсету, жұртты тәубесінен жаңылдыру деп түсінемін. Бір алаңдататыны – ондай теріспиғылдылардың әлеуметтік желідегі қарасы сәт санап қалыңдап келе жатқандығы. Ондайларды саусақпен емес, калькулятормен санайсың. Бір-бірінің сөзін қолдап, дегенін бұлтартпас шындықтай көріп, оны өзгелерге жариялап жеткізуде олардан асатын ешкім жоқ шығар. Үнемі көптің санасына сұрықсыз ойлар салып отыратын ондай жандардың қолынан бар келетіні де сол ғана секілді көрінеді маған кейде. Өйткені, байқасақ, таңның атысы, күннің батысы ғаламторда отырып алып, елдің жазған-сызғанын, не істеп, не қойғанын аңдып, қит еткеннен қылшық іздеп отыратын адамды басқа тірлікпен айналысып, жүйелі жұмыс жасайды дегенге сену қиын. Расында сол ғаламтордың ар жағында отырып алып бөсетіндер айтқандай, ел жағдайы соншалықты ауыр емес қой. Қазір қайда қарасаң да өз тірлігін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер, мектепке асыққан ұстаздар, базаршылап жүрген толассыз жандар, кеңсесіне асыққан жұмысбастыларды көресің. Олардың әлпетінен әлдеқандай көңіл толмаушылықты емес, қайта осы күнге деген ризашылықты, жайдары бейнені байқайсың. Өйткені, Тәуелсіздігіміздің тұрақтылығының арқасында ел жағдайы түзеліп, дамудың даңғыл жолына түсудеміз. Ендеше, ғаламтор бағып, күн ұзаққа үйде қамалмай, бір мезет көшеге немесе аулаға шығып, дене қозғалысына оң әсер ететін іспен айналысқанымыз абзал шығар. Уақытымызды болмашы нәрсеге шығындамай, тындырымды тірлік жасайық. Көп сөзді көпіртіп, әлеуметтік желіде ел қамын ойлағыш болып көрінгенше, ел мүддесі үшін қара жұмыс жасасақ та қолымыздан келетін пайдалы іспен айналысқан абзал. Көшедегі жасы үлкен қарияның қолтығынан демеп, жүгін көтерісіп, алғысын алғанның өзі неге тұрады?! Ғаламторда отырып, сайт беттерін ақтарып, сыныққа сылтау іздегенше, сыртта жүріп бір мезет сауап жинағанымыз мың есе артық деп ойлаймын...

Ақжан Ахметов, аудандық жастар орталығының қызметкері.

Жуалы ауданы.