Алашым аман болсын деп...
Алашым аман болсын деп...
19 ақпан – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асановтың туған күні. сыршыл ақын бүгінде Тараз қаласында тұрады. Жастық пен жасампаздықты, ел мен жерді азаматтық үнмен асқақтата жырлап жүрген суреткер ақынның өлеңдері өміршең. жырқұмар оқырмандарына осындай талай тамаша туындыларын тарту еткен Қайырбек ақынның бір топ өлеңдерін бүгін «Пырақ» әдебиет және өнер бетінен оқи аласыздар. Жүрегі өмір деп дүрсілдеген ақынның жырлары сыршылдығымен баурайды.
Қайырбек Асанов.
Менің болмысым
Жаныма терең үңілші, Мен де бір жеке құбылыс. Сыйынарым – бірінші Алла деген – ұлы күш!
Пейілім таза досқа да, Жамандық деген жоқ менде. Мейірімімді төгем тасқа да, Еш өкпем жоқ өткенге.
Бойымда барлық қуатым, Жүрегім ылғи жыр тілеп. Адалдық – асыл мұратым, Жүремін тасып, күркіреп!
Қызым да көркем, ибалы, Ұлым да жігіт сұлтаны. Шарықтап асау қиялы, Жарым да жырдың сұңқары!
Қарсы алып таңның арайын, Батырам Күнді Батысқа. Қып-қызыл шоққа қарайын. Шашырап түскен әр тұсқа!
Бұл әлем көркем – бір дастан, Тоймайды-ау көзің мәңгіге. Дөңгелей берер тынбастан, Тіршілік – ұзақ әңгіме!
Мықтымын, мен де білгенге, Шаруама әркез тас-түйін. Күн шыққандайын – күлгенде Оралар қайта жас күйім!
Осылай менің әр күнім, Өтеді өршіл екпінмен. Жанымның ғажап жарқылын Жан-жағыма төктім мен!
Кеудеме күйлер толсын деп, Өшірдім үнін үрейдің. Алашым аман болсын деп, Алладан күнде тілеймін!
Парыз бен қарыз
Кеше ғана жап-жас едім от кешкен, Тағдырыммен қайсарлықпен беттескен. Алла берген ғұмырымда тазамын Адамдармен кездерім жоқ кектескен!
Жалтақтаймын кейде бірақ алаңдап, Меккеге де бара алмадым Анамды ап. Бір жақсысы өкінбеймін өткенге Жамандықты іздегем жоқ далаңдап!
Ой-санамды қойғандай ма, тұзақтап, Сәл нәрседен көңілімде сызат қап... Үмітпенен қараймын әр күндерге Келін келіп қалар ма деп жүзі әппақ!
Көңілім мен көзім менің қиырда, Бұрынғыдай көп бармаймын жиынға Ұйықтамаймын уайымдап кей күні Күткендерім келмей ме деп биыл да!
Ар-намысын туған елдің көтердім, Әлі талай парызымды өтермін. Алла қолдап, аман болсам фәниде Армандаған мұраттарға жетермін.
Бұл өмірдің көп болса да аңызы, Ата-ананың қалды ма әлде қарызы. Жүрегінде иман нұры тұрғанда, Өтелер-ау перзенттердің парызы?
Жарқынға
Сен туғанда гүлжазира көктем-ді, Көз жіберіп бағдарласам өткенді. Перзентхана есігінің алдында, «Ұл!» дегенде төбем көкке жеткен-ді.
Қуанғаным кетпес әлі есімнен, (Кездерім де жоқ емес-ау есірген) Алматыда туып едің көктемде, Ал тұсауың Сыр бойында кесілген.
Төрт жасыңда қайтып келдің қалаға, Қайта үйреніп туған әке, анаға. Күн сайынғы мейіріміміз өзіңе Бірте-бірте жақындатып бара ма?
Зеректігің ата-анаға бөлек-тін, (Бала үшін бұл касиет керек тым) Өзіңше бір сыр түйгендей боласың Қарап тұрып құбылысына теректің.
Жассың ғой сен Жүрген талай жайды ұқпай, Киындыққа қарайсың ба қаймықпай! Салдың талай киіз үйді, ауылды, Тарпып тұрған тұлпарды да айнытпай.
Боларсың ба бір кездері елге гүл, Елтіп кетпе желпіп өткен желге құр. Өз парызын өтеу керек Отанға, Жер бетіне тірлік үшін келген ұл!
Әлемдегі ең әдемі жұлдызым (Жазираға)
Сен туғанда дала нұрға боянған. Орындалған ең ғажайып ой-арман. «Әке болдым» – деген асқақ сезімнен Менің мөлдір мейірімім оянған!
Айналайын, қызғалдағым, қырмызым, Жолдарыңда қала берсін нұрлы ізің. Саған бақыт тілеуменен келем мен Әлемдегі ең әдемі жұлдызым!
Сен күлгенде анаң бірге шаттанған, Мен де сонда кеуде қағып мақтанғам. Кіп-кішкентай күнім менің сүйкімді, Әр қылығың ой-санамда сақталған.
Сен өскенде биіктеді жарық Күн. Тауға қарап талабыңды таныттың. Гүлжазира дүниенің көркісің. Қызысың сен қазақ деген халықтың!
Ризамыз Алла берген өмірге
Біз екеуміз астық талай белдерден, Қол ұстасып өттік қиын жерлерден. Әлі күнге сақтап келем жоғалтпай Орамалды қыз кезіңде сен берген.
Сол орамал – сүйген жүрек белгісі, Асыл жарын аялайды ер кісі. Адамымын адалдық пен тәртіптің, Бәз біреулер келмесе де сенгісі.
Өмірімнің көбі өтіпті байқасам, Саған салмақ түсірмедім ешқашан. Ақын жарым өлең жазсын, – дедім мен, Бөлмемізде сөнбейді әлі кеште шам.
Жеңілдеттім жұмысыңның көбісін, Ақын ғой, – деп еңбек еткен ел үшін, Күндіз-түні жалау болып жаныңа Көрсін, – дедім бейнетінің жемісін!
Ризамыз Алла берген өмірге, Ризамыз Тараз деген өңірге. Мені ешкімге қимайсың-ау әлі сен Суыған жоқ махаббатым менің де!
Шындығым – шырағым
Салмақ салған көңiлге де Бұл өмiрдi, бауырым, жеңiл деме. Алай-дүлей күн кешем жаным жүдеп, Шындық кейде жаладан жеңiлгенде.
Сол сәттерi шыбын жан шырқырайды, Шырқырайды, сай-сүйек сырқырайды. Төңiрегiм түп-түгел қараңғылық, Тек кеудемде бiр сәуле жылтырайды.
Шындық iздеп келiп ем бұл өмiрге, Шындық болып сөйлейдi жүрегiм де. Шындық болып қараймын айналаға Шындығы аздау ортада жүремiн де!
Ауыртпалық түспесін қазағыма
Өмiр ағыс – тек алға екпiндеген, Бiр адам жоқ қиналмай өттiм деген. Дүниенi билеген патшаңыз да Сөз айта алмас арманға жеттiм деген.
Бiр биiктен бiр биiк алқындырып, Өмiр сүргiң келедi халқыңды ұғып. Ауыртпалық басса да бар еңсенi, Жайдары боп жүресiң, жарқын күлiп.
Айналдырып кейбiреу мазағына, Дақ салады кiршiксiз таза арыңа. Құрбаны боп кетейiн өзiм ғана Ауыртпалық түспесiн қазағыма!
Айдан анық, жауға дос бола алмасым. Өкiнiшi өткеннiң оралмасын, Талай ғасыр ұрпаққа үлгi болған Қасиеті халқымның жоғалмасын!
Өзендерім суалмай мәңгі аға ма? Жақсылығы жерімнің жалғана ма? Жатсам-тұрсам сұраймын бір Алладан Келмесін деп қас-дұшпан кең далама!
Ана тілім – ардағым
Сөзiм барда қорғасындай құйылған, Жол табамын жалтақтамай қиыннан. Ана тiлiм – арым әрi мәртебем, Сол арқылы күн кешемiн бұйырған.
Асқақтасам – абыройым ол менiң, Даналығым, дарқандығым сол дедiм. Сапар шегiп кетсем егер алысқа, Өз тiлiме өзiм сусап, шөлдедiм.
Ана тiлiм, ана сүтiм – әз маған, Сол арқылы жүрек оты маздаған. Арман болмас, еншiсiне елiмнiң Тiл арқылы үлес қоссам аздаған.
Өз тiлiмдi «қаным, жаным» деп ұғам, Керек кезде өзге тілмен толығам. Сырларына небiр ғажап өмiрдiң Емiн-еркiн өз тiлiмде жолығам.
Өз тілімде талпынамын бiлiмге, Өз тілімде өркендеймін түбінде! Тiл арқылы табысады бар адам, Халықтың да халықтығы – тiлiнде.
Туған елім
Сәулесімен бойымда от өретін, Еркелік пен назымды көтеретін, Маған барлық бақытты әкелетін, Сенсің ыстық Отаным, туған елім!
Өзің барда білінбес жалқылығым, Сеніменен жалғасқан жарқын ұғым. Сәбилердің сүйемін бал қылығын, Ғажап мекен, мейірімді туған елім!
Барлық, барлық белдерің таныс маған, Бір сәтте де кезім жоқ алыстаған. Жана алмасам өлгенше намыс маған, Байтақ өлке, баянды туған елім!
Жолдарыңа әрқашан сұранатын, Бас білмеген асауға міне алатын, Сенен мәңгі шабытты жыр алатын Мен өзіңнің ұлыңмын, туған елім!
Су
Суға зәру Жер бетінде қала сан Ажар-көркі Тым жұпыны қарасаң Сумен ғана көгересің, көктейсің Бағасы оның есепсіз ғой санасаң.
Сексен пайыз Денем судан құралған Солай бізді Жаратқан ғой бір Аллам! Құрт-құмырсқа, жан-жануар бәрі де Су арқылы өсіп-өніп, нәр алған.
Субұрқақтың Әуезі де әдемі Ләззат алар Әр адамның әлемі Жаратушым игілікке жаратқан Су дегенің денсаулықтың бар емі!
Дәстүрменен Қалыптасқан кешеден. Шөл басушы ек Тостағанмен, кесемен. Табиғаттың өзі ғажап суретші Сулы жерге көк кілемін төсеген.
Өмір нәрі, Көңіл нәрі су деген Байқасаңыз Далам сұлу гүлменен Шаршап келіп суға түссем шіркін-ай, Рахаттанып қалар едім мүлде мен.
Нұрын төксе Аспанымда арай күн Теңіз беті Толқынымен ұнайтын. Арғымақтар аптап ыстық күндерде Үйірімен өзен-көлге құлайтын.
Өміріме Өркениет енді де Айқұш-ұйқыш Қазып жатыр жерді де. Өзен-көлдер тартылуда күн сайын Ақырзаман белгілері келді ме?
Табиғатты Ренжітіп алмайық. Аялайық Үміттерді жалғайық. Тұщы суды жұмсап жүріп есепсіз, Тамшы суға зәру болып қалмайық!
Ей, Адамзат! Құлақ салшы сен енді. Сумен ғана Әлем гүлге бөленді. Бабаларым айтып кеткен екен ғой – «Судың дағы сұрауы бар!– дегенді.
Өміріңнің ақиқаты, әділі
Ел де тозды, жер де тозды көнерді, Қаз-қалпына келмейтіндей ол енді. Адамдардың амалы артып күн сайын Көрсетуде небір ғажап «өнерді».
Байқасаңыз өзгергендей ғалам бар Көкейкесті мәселе көп алаңдар. Миллион жылдар тозып келген жер-көкті. Қайта орнына келтіре алмас адамдар!
Неге сонша кейбіреулер ашқарақ? Түсінігі кейбіреудің басқарақ. Жер-жаһанды жаулап алған Ескендір, Кеткен жоқ па бар байлықты тастап-ақ!
Кейбір байлар кедейлерді құл санап, Жолын бөгеп жүргізбейді тұмшалап. Ескендірден қалған сол бір өнеге Адамзатқа емес пе екен бір сабақ?
Осы ағайын менің саған айтарым, Азғырмасын тірлігіңде сайтаның. Адамзаттың өмір сүру тәртібі, Құран сөзі екендігін байқадым!
Тараз қаласы.