Экономика

EXPO-мен бірге Қазақстанға 5G байланысы келуі мүмкін

EXPO-мен бірге Қазақстанға 5G байланысы келуі мүмкін

 

  2017 жылға қарай Қазақстан 5G байланысын енгізуге дайын болады. "Осы саладағы жаңалықтар мен соңғы технологиялар Қазақстанда бар. Қазір әлемде 5G жобасы даярланып жатыр. Оны 2017 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Меніңше, сол кезде Қазақстан да аталған байланысты енгізуге дайын болады", - деді Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының орынбасары С.Сәрсенов бүгін Астанадағы ASTEX-2014 конференциясы аясында өткен брифингте. Айта кетейік, 2017 жылы Астанада EXPO халықаралық көрмесі өтеді.

   Бұдан бөлек, қазақстандықтар басқа ұялы байланыс операторына ауысқан кезде өз нөмірлерін сақтай алатын болады. "Оны MNP - технологиясы арқылы іске асыруға болады. Мәселен, 701 мен 777 сияқты префикстер Kcell және Beeline компанияларының еншісінде. Алайла тарифтік жоспар сіздің көңіліңізден шықпай жатса, басқа операторға ауысуға мүмкіндік болады. Қазіргі кезде отандық заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Жылдың соңына дейін аталған қызмет іске қосылады", - дейді С.Сәрсенов.

 Агенттік төрағасының орынбасары ұялы байланыс қызметінің бағасына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Интернет тарифінің арзан болуы жағынан әлем елдері ішінде 8-ші орында келеді. Ал, ұялы байланыс бағасы бойынша - 17-ші орында. "Меніңше, жаңа GSM операторының келуімен біз тарифтерді арзандатуды ары қарай жалғастыратын боламыз. Жалпы, қазір бізде қымбат тарифтерге қатысты миф жоқ деуге болады", - деп атап көрсетті С.Сәрсенов.

 Ақпарат көзі: www.tengrinews.kz