Мәдениет

Жиырма - елдің береке-бірлігін ойлайтын жас

Жиырма - елдің береке-бірлігін ойлайтын жас

Айтыс өнері арқылы аты шыққан ақтаңгер ақын Мұхамеджан Тазабек жастармен ой бөлісті

Тараз қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек жамбылдық студент-жастармен кездесті. «Жастар. Қоғам. Болашақ» тақырыбында өткен басқосуды облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. 

IMG_850++3Кездесу республикалық «Асыл арна» телеарнасы дайындаған бейнероликті көруден басталды. Бұл қысқа көрсетілім Қазақстан Республикасының алғаш Тәуелсіздік алған тұста Түркия қазақтарының қуанышы, толғанысымен басталып, Мұхамеджан Оразбайұлының Тәуелсіздігімізді бағалау, Елбасының ерен еңбегін қадірлеу турасындағы ұлағатқа толы толғауымен жалғасты. Залға жиналған жас құрақтай өрендер алдында қасиетті Отанның қазіргі өмір-өзен, замана жыры жайлы кеңінен толғады. Ұлттық деңгейде ойлау, мемлекеттік сананы қалыптастыру, қазақы дәстүр-салт, болмысымызды ардақтау секілді қастерлі қасиеттерге, болашақ жақсы отағасы, жақсы отанасы болуға шақырды. Кешегі Дулати, Баласағұн, Төле билерді, батыр Бауыржан, қабырғалы қаламгерлер Шерхан мен Әбішті, барша қазаққа үлгісін жайған Домалақ, Зере, Ұлжан аналарымызды бүгінгі ұл-қыздарға үлгі ете сөйледі. Жастардың намысын атойлатып, отаншылдығын оятты. Намысы биік әкенің, отбасының бірлігін ойлаған, өмірлік жарын бағалап, ардақтаған асыл аналардың өсиетін жастардың жадында жаңғыртты. Жиырма – ерлік жасайтын жас екенін айтып, дәл осындай жаста Саттар IMG_865++6Ерубаевтың роман жазғанын, Мұхтар Әуезовтің үлкен шығармаларын өмірге әкелгенін кездесуге келіп отырған іні-қарындастарына өнеге етті. Мұхамеджан Оразбайұлы жастық шақты көктемнің ең қолайлы сәтінде диқандар егіс алқабына дәнін сеуіп алатын он күнге теңеді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда жасы ұлғайған кісі көп болғанымен, қазыналы қарттар азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сөзінің соңында «...Бұл өзі азаттықты алып келіп, қазақтықты жоғалтқан ғасыр боп тұр» деген өлең жолдарын да төгіп-төгіп жіберді. Біздің бір аңғарғанымыз – бие сауым уақыт сөйлеген қайраткердің сөзін жастардың сүттей ұйып, сілтідей тынып тыңдағаны. Өзіндік айтары бар қоғам қайраткеріне студент-жастар тарапынан қойылған сауалдар көп болды. Студент Ақерке Рахымбекова қазақта қайсар, намысты қыздар көп екенін, бірақ сондай болмысымыз айтылмай, жеңіл жүрістілер көбірек сөзге ілінетінін жаны күйіп тұрып айтты. Бұл сауалға кеш қонағы Мұхамеджан «Байдың мінген жорғасы емес, кедейдің асынған дорбасы көрінеді» деп жауап берді. Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерге жіберілетін ақпараттарға сүзгі болмай тұрғанына кейіс білдірді. Кешке қатысушылар ата-ананы қадірлеу, көршімен арадағы сыйластық, ақынның ұстаздары жайлы сұрақтар қойды. Кездесу соңында облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиев кеш қонағына шынайы, ұлағатты әңгімесі үшін алғыс білдіріп, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.