Әлеумет

Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа өнеге

Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа өнеге

Елі үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан Ұлы Отан соғысының майдангерлері мен Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі – жастар үшін патриоттық тәрбие көзі, тағылымы мол өнеге. Деректерге сүйенсек, Жамбыл жеріне Ауған соғысына аттанған сарбаздардың 71-і қаза тапса, біреуі хабарсыз кеткен. 150-ден астамы әртүрлі санаттағы мүгедек болып оралған. Бір ғана Тараздың өзінде бүгінде 493 Ауған ардагері бар екен. Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуының 27 жылдығына орай «Тараз химия технология» колледжінде кездесу ұйымдастырылды. Қалалық «Жастар орталығы» және «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты шараға Ауған соғысы ардагерлері Әбдіхалық Сайлыбаев, Алмат Жантөбетов, Тұрсын Құрманов, Докторбек Тегеев қатысып, сол соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің ерлігін еске түсірді. Колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Тұрлыхан Оразбаев мұндай кездесулердің өскелең ұрпақ үшін мәні зор екенін, патриоттық тәрбиені нығайтуға ықпал ететінін айтты. – Ауған соғысы ардагерлері одағы 8 ақпаннан бері Тараз қаласындағы №54 мектепте, жоғары оқу орындарында, бірнеше колледжде, әскери бөлімдерде жастармен кездесу өткізді. Назарбаев зияткерлік мектебінде бұл апталық шараға ұласты. Ондағы мақсатымыз – жастарға тәрбие беру. Жалпы, Ауған соғысына қатысқан ардагерлер бүгінде әртүрлі салада адал қызмет атқаруда. Қала бойынша балалары Ауған соғысына қатысып, қаза тапқандардың ата-аналары біздің қамқорлығымызда, – деді Тараз қалалық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков. Кездесуде колледж студенттері Азат Қалдаршаев пен Шыңғысхан Меруертбеков ардагерлерге арнап ән шырқаса, Аңсар Нұрғазиев өлең оқыды.

Айша Жақсыберген, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.