Қазақстан халқының саны 17 млн. 671 мың адамға жетті
Қазақстан халқының саны 17 млн. 671 мың адамға жетті
2016 жылғы 1 қаңтарда еліміздегі халық саны 17 млн. 671,0 мың адамды құрады. Соның ішінде қалалықтар - 10 млн. 066,7 мың (57 пайыз), ауылдықтар - 7 млн. 604,3 мың адамды (43 пайыз) болып отыр.
Осылайша, 2015 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 253,6 мың адамға немесе 1,46 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанда туылғандар саны 398,6 мың адамды құрады, бұл 2014ж. қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,6 пайызға аз. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 22,72 туылғандарды құраған.
Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 131,9 мың адамды құрады, бұл 2014ж. қаңтар-желтоқсанға қарағанда 0,2% аз. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға 7,52 (7,65) қайтыс болғандарды құрады.
Жалпы былтырғы жылы республика халқының табиғи өсімі 2014 жылмен салыстырғанда 2,1 мың адамға немесе 0,8 пайызға азайып, 266,7 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 15,20 адамды құрады.
2015 жылғы қаңтар-желтоқсанда республикада 1 жасқа дейінгі 3 742 нәресте өлімі тіркелді. Осылайша 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 5,1 пайызға азайды. Нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі - перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар.
«Көші-қон полициясы органдары ұсынған мәліметтерге қарағанда, 2015 жылы елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 2014 жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға кеміп, 16 670 адамды құраған. Елімізден кеткен көшіп-қонушылардың тіркелу саны 3,9 пайызға көбейіп, 30080 адам болды. Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен орын алған. Ал өңіраралық көшіп-қонушылардың үлесіне еліміздің жалпы ішкі көшіп-қонушылар санының 42,9 пайызы тиесілі. Өңіраралық көші-қонның оң айырымы Алматы (41 927 адам) қаласында және Ақмола (3633 адам), Қостанай (1 075 адам), Маңғыстау (575 адам), Павлодар (336 адам), Батыс-Қазақстан (184 адам) облыстарында қалыптасты», - делінген баспасөз баянында.