Денсаулық

Жамбыл облысында туризм саласы жанданып келеді

Жамбыл облысында туризм саласы жанданып келеді

Жамбыл облысында туризмді дамытуға жақсы алғышарттар бар. Облыс "Жiбек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркi тiлдi мемлекеттердiң мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыру, дамыту, туризм инфрақұрылымын құру" мемлекеттiк бағдарламасына іліккен, облыстың ішкі және халықаралық туризмнің дамуы үшiн үлкен мүмкiндiктерi бар, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы аймақ арқылы Ұлы Жібек Жолының бөлігі (Сайрам кенті - Тараз - Ақшолақ-Ақыртөбе станциясы - Құлан - Меркі - Шу - Аспара - Қордай) өтеді, жол бойында тарихи және мәдени қызықты ескерткiштер орналасқан. Жібек жолы бойындағы 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілді. (Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені).

Қазіргі кезеңде аймақтық туризм дамуының негізгі артықшылығы «Ежелгі Тараз» жобасы болып табылады.

Жоба Тараз қаласының орталық бөлігінде көлемі шамамен 20 га жерде орналасып, археологиялық және туристік парктерден тұратын болады. Нысандардың біртұтас ансамблін ежелгі шығыс стилінде (ежелгі өркениет қазба жұмыстарына қатысу, табылған артефактілер мұражайы, шығыс базарлары және шеберлер қаласы, қонақ үйлер, сауда орталықтары және т.б.) құру жоспарланған.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында 42 туристік фирма, 1 киіз үй қалашығы, 1 сауықтандыру кешені, 5 демалыс орталығы, 10 балалар сауықтандыру лагерлері, бірегей шипалы балшық және минералды сулары бар 5 шипажай, сауықтандыратын орындар жұмыс істейді.

Жамбыл облысы бойынша туристік маршруттар әзірленуде.

Атап айтқанда, «TARAZ TRAVEL» туристік компаниясы «Көне Тараз Маржандары», «Ақыртас жұмбақтары», «Аспан асты жолдары», «Ақсу Жабағалы» мұражай-қорығына экскурсиялар және «Ұлы Жібек жолы» тур маршруттарын ұйымдастырмақ.

«Золотой Караван» Туристік орталығының тур маршруттары: «Көне Тараз бүгінде», «Архитекторлық ескерткіштер», «Ақыртас жұмбақтары», «Қарлы шыңдардан құмды жоталарға дейін». «Тараз Даму» туристік фирмасының «Көксай» қазақ ауылы атты маршруты бар.

Жамбыл облысында инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылуда, мысалы халықаралық көлік магистралі телімінде "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" жобасы.

Облыс бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында бірқатар жол бойындағы сервис кешендері айқындалған, оның 1 кешенінің құрылысы аяқталған.

Қазіргі дүниежүзілік экономиканың даму жағдайында туризм жетекші және динамикалық дамушы салалардың бірі болып табылады. Дүниежүзілік туристік ұйым  мәліметтеріне сәйкес, дүниежүзі экспорты бойынша автокөліктер, химия өнімдері және жанар-жағармай экспортынан кейін, туризм төртінші орында тұр.