Экономика

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік қанат жайып келеді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жуырдағы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХVІІ съезінде: «Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде» деген ұлағатты сөзі әр азаматтың болашағымыздың бүгінгіден де нұрлы болатынына деген сеніміне серпін берері анық. Өткен жылы Елбасының тікелей бастауымен мемлекеттің индустрияландырылуына бағытталған жаңа заңдар мен 5 институттық реформаны тиімді жүзеге асыруға байланысты «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары ел дамуына қызмет етуге жол тартты. Сондай-ақ, былтырғы жылдың 29 қазанында «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі» қабылданды.

Бүгінгі күні аймақтағы бірегей ірі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ауданымыздағы 2538 жұмысқа жарамды азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын былтыр 1790,0 мың тонна фосфор өндіріп, жоспарын толық орындап шықты. Сонымен қатар, ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 1882 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, оның 1651-і белсенді жұмыс жасады. 2014 жылмен салыстырғанда, шағын және орта бизнес нысандарының саны 1757-ден 1882-ге артып, 125 кәсіпкерлік субъектісі жаңадан ашылды. Оларға ауданның 5645 азаматы жұмысқа тартылған. Былтыр ашылған 456 жаңа жұмыс орнының басым дені «Еурохим-Тыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мердігер компанияларының үлесінде. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша тіркелген 1882 нысанның 741-і аудандағы әйел кәсіпкерлердің басқару меншігінде. 78 әйел шаруа қожалықтарының басшылары болса, 663 әйел – жеке кәсіпкер. Өткен жылы кәсіпкерлік құрылымдары ауданның әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына біршама үлес қосты. Өндірісшілер 3 миллиард 345 миллион 200 мың теңгенің өнімін өндіріп, алдыңғы жылмен салыстырғанда, өсім 15,2 пайызға артты. Ауданда аграрлық саланың қос секторы – егіншілік пен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған несие былтыр «Саудакент-НС» ЖШС арқылы 14 шаруашылыққа 64 миллион 580 мың теңге 5 жылға 9 пайызбен берілді. «Сыбаға» бағдарламасымен 1 жобаға 44 бас мүйізді ірі қара малын алуға 7,0 миллион теңге, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 6 шаруашылыққа 982 бас қой сатып алуға 230,0 миллион теңге және «Құлан» бағдарламасы бойынша 3 шаруашылыққа 86 бас жылқы сатып алуға 21,3 миллион теңге көлемінде несие берілді. Бөлшек сауда айналымының нақты көлемі 928 миллион 394 мың теңгені құрап, сәйкес мерзіммен салыстырғанда 5,8 пайызға өскен. Аудан орталығында «Заңғар», «Бақытжан» сынды заманауи үлгідегі сауда үйлері бой көтеріп, «Саудакент» мейрамханасы ел игілігіне ұсынылды. Өткен жылы шағын несие беру ұйымдары тарапынан аудан көлемінде барлығы 1758 адамға 486 миллион 840 мың 274 теңгенің несиесі берілді. Оның ішінде бизнесін дамыту мақсатында 1106 азамат 399 миллион 760 мың теңгенің шағын несиесін алды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 9 жоба іске асырылды. Атап айтқанда, несиелік пайыздарды субсидиялау бойынша 7 жоба (олардың екеуі – Саудакент ауылында, 5 жоба – Жаңатас қаласында) іске асқан. Экспресс-кепілдік беру бойынша несие алған бір жобаға жетіспейтін кепілдік мүлкі үшін бағдарлама аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 9,0 миллион теңгеге экспресс-кепілдік берілді. Жаңа инновациялық жобаларға қайтарымсыз грант беру негізінде «Смак» ЖК «Көбік бетонды кірпіш шығару» цехы жобасын іске асыру үшін 1,5 миллион теңге грант алды. Елімізді индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Тараз Көлік Жолы» ЖШС-ның құны 250,0 миллион теңгенің асфальт-бетон зауыты 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлік индустрияландыру картасына енгізіліп, өз жұмысын бастады. Биылғы екінші жартыжылдықта «Асыл Тұз» ЖШС-ның құны 444,0 миллион теңгені құрайтын, жылдық қуаты 50,0 мың тонна ас тұзын дайындау зауытының жобасын өңірлік индустрияландыру картасына еңгізуге ұсыныс жасалып, қазіргі уақытта оның тиісті құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, ауданда «Жаңатас», «Нар», «Бәйдібек-1» жел электр стансалары, «Қазақсода» ЖШС-ның жылына 400,0 мың тонна кальций содасын өндіретін зауытының жобалары жүзеге асырылмақ. Осындай ірі кәсіпорындарды іске қоса отырып, олардың көмегімен шағын кәсіпкерлікті де дамытуымыз қажет деп санаймыз. Бұл мақсатта бірінші кезеңде өзара әріптестік бағдарламаларын жүзеге асыра береміз. Ауданымыз өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын жан-жақты дамытып, Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығын еселеуге бағыт ұстанып отыр.

Олжас КӨКЕЙ,  аудан әкімінің  орынбасары.

Сарысу ауданы.