Тасы да алтын, қордайдың тауы да алтын
Тасы да алтын, қордайдың тауы да алтын
Аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Досаев тұрғындар алдындағы жылдық қорытынды есебін берді. Жиынға ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысты. Аудан басшысы қазіргі дағдарысты жағдайдағы өңірдің жалпы ахуалы, саяси және өндірістік беталысы туралы нақты мысалдар келтіре отырып, өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің атқарылуы жөнінде баяндады.
– Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «... Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады» дегеніндей, дүниежүзінде белең алған экономикалық қиындықтарға қарамастан, атқарушы билік болып, ел болып жүргізген тиімді жұмыстардың нәтижесінде ауданда тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгерілеуде, – деді Қ.Досаев. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс өнімінің көлемі 8 миллиард 500 миллион теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғыдан 1 миллиард 272 миллионға артық. Аудан бойынша мемлекеттік бюджетке 5 миллиард 500 миллион теңге салықтар және басқа міндетті төлемдер жиналса, бұл да алдыңғы жылғыдан 715 миллион теңгеге жоғары. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі 10 миллиард 168 миллион теңгеге орындалды. Бұл миллиардтардың сыртында қордайлықтардың тер төгіп, қолымен жасаған қыруар жұмыстары тұр. Ал халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жай-күйінің елеулі бір көрсеткіші ретінде есепті мерзімде жеке тұрғындардың күшімен жалпы аумағы 27354 шаршы метр болатын 251 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, бүгінгі таңда барлық он тоғыз ауылдық округте 12 мыңға жуық адам, оның сегіз мыңы аудан орталығында жекеменшік тұрғын үйлер салу үшін жер алу кезегінде тұрғанын айтсақ та болады. Былтыр бөлшек сауда көлемі 1 миллиард 104 миллион теңгені құрады. Ауданда кәсіпкерлікпен айналысатын 8829 субъект тіркелсе, олардың 21 пайызы, яғни 1839-ы – шаруа қожалықтары, 73 пайызы: 6512-сі – жеке кәсіпкерлер. Шағын бизнес субъектілерімен өндірілген өнім, атқарылған жұмыс және көрсетілген қызмет көлемі 58 миллиард 323 миллион теңгені құрады. Шағын бизнеспен айналысушылар саны 33838 адамға артты. Жалпы, кәсіпкерлік қызметке тіркелгендердің 92 пайызы, яғни 8201-і нақты жұмыстар атқаруда. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданда «Куликов сүт өнімдері», «Үміт Қордай», «Central Asia Gold Production» және «Vista international» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жалпы жобалық құны 8 миллиард 300 миллион теңгенің 4 инвестициялық жобасын жүзеге асыруда. Осы бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында ауданның 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасына жалпы жобалық құны 58,4 миллиард теңгелік 4 жоба енгізілген. «Ветро Инвест» ЖШС Қордай асуындағы өндірістік қуаты 53,75 МВт желден электр қуатын өндіру, «Алатау Қордай» ЖШС Қарасай ауылдық округіндегі «Қырғау» алтын өндіру кенінде алтын-күміс концентратын шығару, «АурумДойчланд АГ» ЖШС тау-кен комбинатын салып, құрамында алтыны бар кенді игеру, «Первомайские деликатесы» ЖШС шұжық цехын жаңарту жобаларын іске асыруда. Аудан экономикасының негізгі саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім құны 28 миллиард 543 миллион теңгені құраған. Оның ішінде егіншілікте – 13 миллиард 950 миллион теңге, қалғаны – мал шаруашылығының үлесінде. Агроқұрылымдарда ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары жалғасып, былтыр 615 миллион теңгеге 95 бірлік жаңа техникалар алынған. Өткен жылы барлығы 109 мың гектардан астам алқапқа егістік дақылдары себілді, бұл алдыңғы жылғыдан 7129 гектарға артық. Есепті мерзімде өндірістің ғылыммен байланысы нығайып, 1175 гектарда тамшылатып, 460 гектарда жаңбырлатып суару технологиялары қолданылыпты. Ауданда бүгінде он екі жылыжай жұмыс істейді, оның ішінде Масаншы ауылдық округінде «Грин Вил» ЖШС өз қаражаты есебінен 270 миллион теңгеге бір гектар жерге типтік жылыжай салып іске қосты. Өткен жылы аудан егіншілеріне мемлекеттен барлығы 564 миллион теңге субсидия төленген. Сондай-ақ, мал шаруашылығын субсидиялауға 711 миллион теңге берілді. Мал тұқымын асылдандыру бағытында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аудан шаруашылықтары өткен жылы 482 бас ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасымен 4521 қой, «Құлан» бағдарламасымен 106 жылқы сатып алып, «Ырыс» бағдарламасымен екі тауарлы-сүт фермасын құруды жоспарлап отыр. «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша аудан орталығында жалпы құны 479,8 миллион теңгеге бес қабатты 50 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Қақпатас ауылында 250 орындық, Қордай ауылында 300 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді, 395 орындық сегіз жекеменшік балабақша ашылды. Масаншы ауылында 280 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2 миллиард 356 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде 333 миллион 133 мың теңге дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға жұмсалды. Бүгінгі күнгі өзекті тақырыпқа айналып отырған жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту жол картасы–2020», «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламалары бойынша үш мыңнан аса азамат жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. «Өрлеу» қанатты жобасы бойынша 35 миллион 886 мың теңге толығымен игерілген. Жыл басынан төрт еңбек және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 13 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 3 жас маман «Жастар тәжірибесіне», 9 нысаналы топқа жататын жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына және 140 адам тұрақты жұмыс орындарына жолдама алды. Қиын жағдайда тұратын аз қамтылған 68 отбасына 2 миллион 40 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Аудан әкімінің есебі тыңдалған соң ауданның Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай мен Анатолий Шупта жарыссөзге шығып, ауданды басқарғанына екі жыл толған Қайрат Досаевтың жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта назар аударылса деген мәселелерді ортаға салды. Залдан жазбаша және ауызша берілген көптеген сұрақтардың да дені ауыл келбеті мен мәдениетін көтеруге келіп саяды. Мәселен, аудан орталығындағы жаңа «Болашақ» ықшам ауданымен жалғастыратын көпірді кеңейту, жас отбасыларға тұрғын үй салуға жер телімдерін бөлу, Отар ауылдық аймағындағы ұзаққа созылған жер дауын үкіметтік деңгейде шешуге ат салысу, балабақшаға кезекті қысқарту, көше жолдарын қалпына келтіру тәрізді тұрғындар күнделікті бетпе-бет келіп жүрген мәселелер айтылды. Аудан басшысы жұрттың әрбір тілегіне орай қолма-қол жауабын беріп, өзінің орынбасарлары мен тиісті ведомство басшыларына аталған мәселелердің шешімін қарастыруды жүктеді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.