Әлеумет

Дағдарысқа қарамастан дамыған өңір

Дағдарысқа қарамастан дамыған өңір

Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев 2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылы алда тұрған міндеттер туралы таластықтарға есеп берді.

DSC_0005_1– Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығында 16 миллиард 215 миллион теңгенің өнімі өндірілді, – деді аудан әкімі өз есебінде. 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 2015 жылғы өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 535,7 миллион теңгеге артты немесе 8,2 пайызға асыра орындалды. Осы аралықта негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 8 миллиард 952 миллион теңгені құрады. Алдағы уақытта «ST Power» ЖШС құны 34,2 миллиард теңгені құрайтын қуаты 50МВт күн электр стансасының құрылысын жүргізбек. «Sapsan Commerce» ЖШС жаңартылған энергия көздері саласында және «ТСК Construction Eneruqe» ЖШС күн қуатын өндіретін стансалары жобаларын жоспарлауда. Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында «Talas Investment Company» ЖШС ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін, жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын зауытты іске қосты. 2016 жылдың 1 қаңтарына кәсіпорын 1001 тонна натрий цианидін және 1148 тонна сульфат аммоний өндірді. Өнімнің жалпы сомасы 820,4 миллион теңгені құрады. Кәсіпорында 462 жұмыс орны ашылды. 2015 жылы жалпы құны 5,0 миллиард теңгені құрайтын 1 инвестициялық жоба өңірлік индустрияландыру картасына енгізілді. «Жамбыл-Недр» ЖШС жылына 300,0 мың тонна М-400, М-500 маркалы цементін өндіреді. Зауытты іске қосқанда 150-200 адам жұмыспен қамтылады. 2016 жылдың II жартыжылдығына өңірлік индустрияландыру картасына енгізу үшін жалпы құны 1143,7 миллион теңгені құрайтын жылына 200,0 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын зауыт салу үшін «Қаратау-ПРО» ЖШС-ның жобасы дайындалуда. Қаратау қаласынан зауыт соғылатын жер телімі мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілді. Карьер толық геологиялық зерттеуден өткізілді. Құрылыс жүргізетін орындар ретке келтірілуде. Республикалық индустрияландыру картасына 2018 жылға енгізілетін жоба – «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС «Минералды тыңайтқыштарды өндіру зауытының құрылысы». Жоба іске қосылғанда жылына 1400 мың тонна минералды тыңайтқыштар өндіреді. Жалпы құны – 356,6 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы атқарылатын жұмыстар жалғасын таба бермек. «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 519 миллион теңгенің 23 әлеуетті жобасы ұсынылып, 247,0 миллион теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылды. Ауданда агроөнеркәсіп саласы да қарыштап дамып келеді. Мүйізді ірі қара саны – 19371, қой мен ешкі – 304594, жылқы – 7646, түйе 1761 басқа жетті. – Ауданымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл саланы дамытуға барынша ден қойып отырмыз, – деді Б.Рысмендиев. Оның айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша былтыр 16 шаруа қожалығының 19 жобасы мақұлданып, 255,55 миллион теңге несие алған. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы құны 238,2 миллион теңге құрайтын 16 жоба және «Әулие-Ата-несие», ЖШС-нан 13,08 миллион теңгеге 2 шаруа қожалығының 3 жобасы мақұлданып, іске асырылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірумен айналысатын 127 азаматқа 170,5 миллион теңге субсидия берілді. Өткен жылы 44 тауар өндірушіге, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдары егісі үшін барлығы 12,6 миллион теңге көлемінде субсидия бөлініп, құжаттары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылып, төлем жүргізілді. Осы бағдарлама бойынша 2014 жылы 43 тауар өндіруші 10128,5 мың теңге субсидия алған. Ауданда 1251 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп отыр, олардың 1207-сі немесе 96,5 пайызы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 99 шағын кәсіпорын тіркелген. 1152 субъекті жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде 750-і – шаруа қожалығы. Аудандағы елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеу жұмыстарын аяқтауға 19,7 миллион теңге бөлініпті. Құрылыс саласы бойынша 3612,718 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттары дайын, қаржыландыруды қажет ететін 39 жоба бар. Аудан әкімі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы атқарылған жұмыстарға да жан-жақты тоқталды. Жұмыссыздықты болдырмау бағытындағы бағдарламалар тиянақты орындалып, моноқалаларды дамыту бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік мәселелерді шешу жалғастырыла бермек. Оның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етудің нақты жоспарлары да бар. Биыл аудандық емхананың, Есей би ауылындағы орта мектептің құрылысы аяқталып, Қараой ауылында 50 оқушыға арналған негізгі мектептің құрылысы басталмақ. Одан тыс үкіметтік деңгейде шешіліп, қаржы бөлінсе, қаладағы көшелерді асфальттау, 6 көп қабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту мен қаладағы 2 балабақшаның құрылысын таяу жылдары жобаға енгізу ісі де бар. Ауыл шаруашылығында кооперативтер құру, өңдеу, кәсіпорындарын ашу сияқты жұмыстар қолға алынбақ. – Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына байланысты аудан мүмкіндіктері барынша пайдаланыла бермек, – деді аудан басшысы есебін қорытындылай келе. Жарыссөзге шыққан Кеңес ауылдық округінің әкімі Б.Дуанбек ауданда өткен жылы барлық салада ілгерілеудің байқалғанына тоқталды. Бөлтірік, Көшек ауылының арасындағы жолдың күрделі жөндеу көргеніне ауыл халқының риза болып отырғанын жеткізді. Талас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы С.Тілегени құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстарға талдау жасап, ауыл шаруашылығындағы оңды өзгерістерді кеңінен сөз етті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков есеп беру жиынын қорытып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген бағасын бере келе, жетістіктер одан ары қарай жалғасын таба беруі тиіс деп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, ағын суды тиімді пайдалану үшін жаңбырлатып, тамшылатып суарудың жаңа технологиясын енгізудің өз дәрежесінде емес екендігіне тоқталды. «Егін алқабының мүмкіндігі әлі де болса тиімді пайдаланылмай отыр. Өңдеу өнеркәсіптерін салуды қолға алу керек. Салынып жатқан құрылыстардың сапасы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Көшелерді қалпына келтіру керек болады. Әсіресе, жасөспірімдерді тәрбиелеу мәселесіне қоғамды жұмылдыру керек. Қашанда аурудың алдын алған абзал», – деді ол.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.