Денсаулық

Ғалымдар адам сүйектері мен бұлшық еттерін «басып шығаратын» 3D-биопринтер жасап шығарды

Ғалымдар адам сүйектері мен бұлшық еттерін «басып шығаратын» 3D-биопринтер жасап шығарды

Америкалық биоинженерлер бағаналық жасуша мен арнайы полимерлік шаблондар көмегімен дененің жекелеген сүйектері,   қол, құлақ шеміршектің толыққанды көшірмелерін «басып шығаруға» мүмкіндік беретін   3D-биопринтерін жасап шығарып, сәтті сынақтан өткізді, -  делінген Nature Biotechnology журналында шыққан мақалада.

«Бұл тіндер мен ағзаларды басып шығара алатын техника аса маңызды, әрі пациенттер үшін дене мүшелерін дайындауға мүмкіндік беретін технологияны жасаудағы елеулі қадам десе болады. Енді бізде қимыл-қозғалыс кезінде тұрақтылықты сақтайтын адам ағзаларын басып шығару мүмкіндігі бар. Келешекте технология имплантация жасау үшін жарамды тіндер мен ағзалар «басып шығаруға» мүмкіндік беретін болады», - деп мәлімдеді Уэйк-Форесте Регенеративті медицина институтынан Энтони Атала (Anthony Atala).

Атала мен оның әріптестері атап өткендей,  бағаналық  немесе «ересек» жасушалардан ағза өсіріп шығаруда басты кедергі бар. Яғни, оларды тек жұқа қабатты ғып қана басып шығаруға болады. Ғалымдардың айтуынша, егер оның қалыңдығы 200 микрометрден асса, қан тамырлары болмағандықтан, нәрлі заттар мен оттегі сіңбей, тін тіршілігін жоя бастайды.

Мақала авторлары жасушаларды қабаттауға мүмкіндік беретін  ерекше полимер ойлап тауып, бұл мәселені де шешті. Бұл сүйектер, бұлшық еттер немесе шеміршек жасушаларының шектеусіз ауқымда өсуіне ықпал етеді.