Денсаулық

Нақтыланған республикалық бюджетте теңгенің ағымдағы бағамы бекітіледі - ҚР Қаржы министрлігі

Нақтыланған республикалық бюджетте теңгенің ағымдағы бағамы бекітіледі - ҚР Қаржы министрлігі

Қазақстан Үкіметі теңгенің ағымдағы бағамын нақтыланған республикалық бюджетке бекітеді. Бұл туралы бүгін  Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

«Әрине, бағам бүгінгі деңгейді есепке ала отырып нақтыланады», - деді ҚР Қаржы министрі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ағымдағы аптаның барысында бюджетке түзетулерді даярлауды тапсырған болатын. Бұндай шаралар жақында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмалары аясында атқарылмақ.

«Алдағы сейсенбіде қабылдау үшін осы аптадағы мақсат  - бюджетке өзгертулерді даярлау. Яғни, бұл жұмыстар қаржының барынша тезірек экономикаға бағытталуы үшін қажет», - деді К. Мәсімов Үкімет отырысында.

Айта кетейік,  Үкімет Мемлекет басшысының 2016 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспарын әзірледі. Дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар 4 бағыт бойынша қалыптастырылды. Аталған бағыттардың біріншісі ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қолдауға негізделген. Екіншісі,  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау жөніндегі шараларды кеңейтуді көздейді. Үшінші бағыт шағын және орта бизнесті және экономиканың негізгі салаларын қолдауға арналса, ал төртіншісі - іскерлік белсенділік пен халықты жұмыспен қамтуды қолдауды қарастырады.