Маңызды мәселелер қаралды
Маңызды мәселелер қаралды
Облыстық мәслихаттың бесінші шақырылған кезектен тыс қырық бесінші сессиясының күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралды. Облыстық мәслихат депутаты Қаныш Молдажановтың төрағалығымен өткен мәжіліске облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – облыстық қоғамдық кеңестің құрамын бекіту туралы облыстық мәслихат аппараты кеңсе және талдау бөлімінің басшысы Мағрипа Тұрлығұлова хабарлады. Ол «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 9-бабы 5-тармағына және қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топтың 2016 жылғы 9 ақпандағы хаттамасына сәйкес, облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған қоғамдық кеңестің құрамымен таныстырып өтті. Депутаттар таныстырылған құрамды бір ауыздан қолдайтындарын білдірді. «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту жайында облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков баяндады. Ол бұл ереже облыс бойынша тексеру комиссиясының мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысының ұйымдастырылуын айқындайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ереже тексеру комиссиясының құрылтай құжаты болып табылады. Ол бойынша аталмыш комиссияның қызметін қаржыландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асатын болады. Сонымен қатар, «Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйелерін жетілдіру» жобасын қолдау туралы келісімді және 2015 жылғы 20 қарашадағы несиелік келісімді мақұлдау туралы облыс әкімдігінің энергетика және коммуналды-шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев хабарлама жасады. Осы және басқа да мәселелер сессияның күн тәртібінде қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Облыстық мәслихаттың қырық алтыншы сессиясының төрағасы болып Байзақ ауданы №11 сайлау округінен депутат Дария Қожамжарова сайланды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».