Құдайбергенмен нағашылы-жиен едік
Құдайбергенмен нағашылы-жиен едік
Менің балалық шағымның басым бөлігі нағашым, «Тамашаның» тарланы Құдайберген Сұлтанбаевпен өтті. Құдайбергеннің әкесінің (бәріміз «әке» дейтінбіз) төрт қызы болатын. Ең үлкен қызы Айшын Тәуекелова – менің анам. Ес білген кезде анамнан неге фамилияң Тәуекелова деп сұрасам, «барлығы Сұлтанбаевтар болып, мен ғана әкемнің атын шығару мақсатында осылай жаздым» деп мақтанышпен айтатын.
Анам Құдайбергенді көргенде: «Арпа ішінде бір бидайым», – деп маңдайынан сипап, еркелететін. Құдайберген жасынан бауырмал, туғандарына көмек көрсетуге ұдайы дайын тұратын мінезімен есте қалды. Кішкентайымыздан Арал стансасында балық сатып, тіршілігімізді жасап жүрдік. Мені балық сатуға жібермейді, ол да ағалық қамқорлық шығар. Ал өзі жолаушылар пойызының сырт жағында сауда жасап, маған белгі береді. Мен сонда келесі балықты жеткізуші едім. Ол заманда сауда жасау заңға қайшы келетін. Арал теңізінің арқасы болар, көптеген отбасы осы балық сатумен күн көріп, бала-шағасын асырайтын. Ең бастысы Құдайберген ешкімді жатырқап, жатсынбаған. Менің әйелім Несібеліні ол келін деп атамайтын, өз қарындасындай көретін еді. Асыра мақтап жіберген кезінде тоқтау айтсам, өзіме дүрсе қоя беретін. Осы Несібелінің арқасында «Шегехан» болып жүрсің дейтін. Біздің ортамызға көрші бір бала қосылды. Содан танысып-білісіп, ойынға араласып, бір ортаның баласындай болдық. Сол бала бүгінде өнер әлеміне танылған – сазгер Кеңес Дүйсекеев. Осы күнге дейін сәлеміміз түзу, кездескен жерде арқа-жарқа болып қаламыз. Өмірі өнерге толы Құдайбергеннің есімі «Алтыбақан», «Тамаша» театрында сомдаған рөлдері арқылы халқының есінде, оған менің алып қосарым жоқ. Менің жадымдағы өзім қатысып көрген Дулат Исабековтің «Әпке» қойылымы Құдайбергеннің өз өмірінен алынғандай еді. Мен Құдайбергенге еліктеп өстім. Көп нәрсе үйрендім. Еліктегенім соншалық, қолтаңбамда да ұқсастықтар бар. Сахнадағы сатира, юмор саласында Құдайбергеннің өзіндік ойып алар орны бар. Сатира қазақ халқына о бастан дарыған ғой. Атам қазақ сөзге тоқтаған, әзіл-қалжыңға терең мән берген ұлттың ұрпағымыз. Өнердегі ісінің алға басуына жеңгем Дәкен Смағұлованың еңбегі орасан. Бір айта кететін жайт, өнердің, халықтың адамына жар болу – оңай емес. Жылдар жылжып, уақыттар ауысса да рухани құндылықтар ешқашан жойылмайды. Соның бірі нағашым Құдайберген Сұлтанбаев жайлы, балалық шағым жайлы естеліктер бүгін менің қолыма қалам алдыртты. Құдайберген Тәуекелұлының қазақ сатира саласына қалдырған ізі еш уақытта ұмыт қалмайтынына кәміл сенемін.
Шегехан БАЙЗАҚ.
Тараз қаласы.