Ал, қалқа, келді кезің жайнайтұғын
Ал, қалқа, келді кезің жайнайтұғын
Халық әндерін орындаудың хас шебері Алтынбек Оразбековтің 75 жылдығын атап өтсек қалай болады?
Қазір не көп, өнер «жұлдыздары» көп. Құлақ тұндырар музыкасын қойып, бір сөзі де анық естілмесе де, «құр айқайға» салатын әншілердің санында есеп жоқ. Соған ысқырып, жер тепкілеп, мәз болған ессіз жұрт. Түнеу күні «Гәкку» телеарнасынан бір клипті көріп, жағамды ұстадым. Жартылай жалаңаштанған қазақтың екі қызы «ғашығы» үшін қан жоса төбелесіп, аяғында «татуласты». «Кешю» тобының «Қазақтың қыздары» деген әнін естіп, биязы, жібектей есілген қазақ қыздары жыланға айналып кеткен бе деп қынжыласың.
Еуропаға еліткен қалталы продюсерлер шоу бағдарламалар арқылы қазақтың дәстүрлі әндерін мақрұм етіп, тұманды жағаға қарай сүйрелеп бара жатыр. Бүйте берсе қазақ дәстүрі жоғалар дүниеден. Сұмдық қой! Біз әңгіме еткелі отырған Алтынбек Оразбеков Еуропа музыкасына еліктеген тобырға оттай өш тұғын. – Шіркін, адамға түрлі ой салатын, сұлулыққа тәрбиелейтін қазақтың халық әндеріне не жетсін, – дейтін. Талай той-томалақ, отырыста тамағын кенеп ән айтатын қатарлары әннің әуенінен сәл қателік жіберсе, қабағынан қар жауып, «айта алмасаң не бар?» дейтін кейіп. Содан ба, көбі оның алдында ән айтуға именетін. – Ай, Алтеке, Исаның «Желдірмесін» айт, – деп қолқалайтын. Даланың сал-серілеріндей Алтекең пәлсіне қалатын. Кірпияз, әнге ерекше мән беретін бекзаттық болмысы мақтауға, есіруге жібермейтін. «Ал, қалқа, келді кезің жайнайтұғын, Бұлбұлдай бақшадағы сайрайтұғын, – деп, асқақ үнге, арқаланып әнге салғанда, еріксізден «пау» деп қол соғатын жұрт. Әсіресе Жарылғапберлінің «Шамасын» Алтынбек бет аузын мың құбылтып, екі иығын арқаландырып айтқанда, тіпті танымай қалатынбыз. – Боз үйден таң алдында күйеу шығар, Артынан қалар жары бетін басып. Келгенше енді айналып кім бар, кім жоқ, Ей, қалқа, тіліңді әкел, аузыңды ашып, – деп үздіге айтқанда, еріксіз елтіп, жүрегің лүпілдеп, өзің де сол кейіпке енерсің. Алтекең Кенен атасының бар әнін нәшіне келтіре айтатын. Атақты әншінің тойында «Көкшолағын» келістіре, құтырта орындағанда, Кенекең: – Ой, айналайын Алтынбегім, – деп, бетінен сүйіпті. Көзіне жас алыпты. Кірпияз Кененнің кім көрінгенге мейірімі түсе бермесі хақ. Алтынбектің үні ғой оны сол ықыласты күйге түсірген. Музыкалық арнаулы білімі болмаса да Алтынбектің дара, қайталанбас үні Жаратушының берген сыйы екені анық. Оны кезінде Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты қазақтың халықтық дәстүрлі әндерінің корифейлері мойындаған, баталарын берген. Алтекең Алматыда Жүсіпбектен қысқа мерзімді курсқа барып, дәріс алғанын айтатын. Сонда Мәдениет Ешекеев екеуіне разылығын білдіріпті. Әннің ырғағын бұзбай айтуды қатаң талап ететін деген. Алтекеңнің шәкіртінің бірі Мәрлен Қуанышбекұлы айтады: «Консерваторияда оқып жүргенімде Қайрат Байбосынов пен Бекболат Тілеухан ағайларымыз Алтекеңді ауылдан алдыртып, әндерін тыңдап, сүйсініп, таспаға түсіріп, таңғалысқан». Бекболат Алтекеңнің орындауындағы «Шама» әніне таңғалғанын жасыра алмай: – Не деген әртістік шеберлік, не деген үн?! – депті. – Мәрленнен Алтынбек ағасына үшбу хабар жолдап, әндерін үнтаспаға жаздырған. Кейін екеуі Алматыда бас қосқан. Эстрада өнерінің жұлдызы Роза Рымбаева: «Біз – микрофонның, ал Алтынбек аға – сахнаның әншісі», – деп баға беріпті. Сонау Үшаралда жетпіс бес жыл бұрын дүниеге шыр етіп келген Оразбектің шақалағының үні де ерекше дейді екен білетіндер. Соғысқа аттанып бара жатқан әке Алтынбегін көтеріп тұрып: «Әй, осыдан бір құдіретті көремін», – деген сәуегейлігін көрсетіп кетіпті. Алтынбек ағаның балалық, жастық шағы жоқшылықта, азапта өткенге ұқсайды. Көрген құқайын әнмен жазып, қайғысын күймен тарқатқан. Ол күйші де ғой. Cол кездегі белгілі азамат, «Қаратау» совхозын аз уақыт басқарса да, іскерлігімен ел есінде қалған Сағындық Тұрабаевтың қарындасы Жамалға үйленген соң ғана көзі «ашылған» сияқты. Апайтөс, арынды, арқалы «күйеу баласын» автоклуб меңгерушілігіне тағайындатқан да сол. Оның жұлдызды сәті содан басталды. Талапты Алтынбекті өрлететін екінші сәт – бірде облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ғайникен Бибатырова Алтынбектің әнін естіп, өнеріне разы болғандығы соншалықты, жаңадан ғана ұйымдастырылып жатқан «Алатау» ән-би ансамблінің құрамына қабылдаттырған. Ол онда аттай тоғыз жыл ән салды, әлемге танылды. Алтынбек ансамбль құрамында Кеңес өкіметінің одақтас республикаларын түгелге жуық аралап, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде қасиетті қара домбырасымен қазақтың халық әндерін бірінен соң бірін әуелете шырқап, тіпті ғарышкерлерді таңғалдырыпты. Ю.Гагарин қол соғып, арқасынан қаққан. «Қандай дауыс!..» деген... Айтсаң – ертегі. Еске алсаң – аңыз. Шыны – сол... Алтекеңнің әсем әуеніне Еуропа, Азия, Америка елдерінің өнерсүйер қауымы тік тұрып қол соқты. Әлемнің 17 елінде қазақтың әнінің мерейін асқақтатты. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң түркі жұрты Алтынбекті арнайы шақыртып, бір ай өнерін тамашалады. Сол сапардан үлкен сезіммен оралған Алтекең маған түркі еліндегі қандас бауырларымыздың Қытайдан үнді жұртына, одан Пәкістан, ауған елдері арқылы Түркияға дейінгі өмірін баяндайтын «Көш» деген өлең-поэмасын әкеп табыстады. Газетте жарияладық. Алтекең оны пошта арқылы Түркияға салып жіберіпті. «Алыпты, рахмет айтып жатыр» деп қомпаңдап келіп, ризашылығын білдірді маған. Түркі жұрты қазақ әншісінің үнін қатты қадірлепті. Бірде Алматыдан Анадолыға самолетпен ұшқан кәсіпкер, зиялы қазақ азаматы салоннан барғанша Алтекеңнің әнін тыңдап, соңынан шыдай алмай сұрастырса: «Бәлі, бұл өзіміздің елдің әншісі Алтынбек Оразбековтің үнтаспасы ғой!» – деп ұялтқан көрінеді. Әлгі азамат намысқа тырысып, үнтаспасының көшірмесін жасатып, Алтекеңнің отбасына табыстапты. 1991 жылы күзге салым жұмыста отырғанмын. Алматыдан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінен бір кісі телефон шалды. – Ауданның басшыларын таба алмай отырмын. Сүйінші! Қазір ғана Елбасы Алтынбек Оразбековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Соны басшыларыңызға жеткізіңіз, – деді. – Ол кезде атақты қазіргідей әр министрлік бере бермейді. Сүзгіден өткізіп, Жоғарғы Кеңес қана береді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана алады. Сол мыңның бірі – Алтекең. Әлгі атақты ердің жасы елуінде алыпты. Оған дейін Кеңес өкіметінің тұсында «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тағып үлгерген Алтекең – республиканы айтпағанда, бірнеше мәрте халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған хас таланттың иесі. Біраз жыл аудандық мәдениет бөлімін басқарған Алтекең аз уақыт «Ақкөл» совхозында қызмет жасады. Әйгілі «Талас толқыны» ансамблі Алтекеңнің туындысы еді. 1997 жылы ауданның әкімшілігі Қаратау қаласына көшірілгенде аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрды. Қаладағы Д.Нұрпейісова атындағы өнер мектебінде дәстүрлі ән сыныбын ашып, ұстаздық етіп жүргенінде жүрек талмасына ұшырады. Көңілін сұрай барып, «Алаң болмаңыз. Әлі-ақ сахнаға шығып, ән айтасыз» деп жұбату айтқанымызда: «Шынымен ән айта аламын ба?» – деген оның көздерінен жас шықты. Есіл ер бірдеңені сезіп күйзелген екен! Қайталанбас дарынымен, үйлесімді үнімен мұқым елге танылған, ғажап үнді әнші науқастан айықпаған күйі 2000 жылдың күзінде бақилыққа аттанды. Сөйтіп, өзі ғана ерекшелеп орындайтын қазақтың халық әндерін де өзімен о дүниеге ала кетті-ау. – Алтекеңнің көзін көріп, тәлімін алғаныма ризамын, – дейді Балалар өнер мектебінің ұстазы Сырғабек Тазабеков, – қайталанбас үннің иесі еді. Ән айтуы ерекше еді. Дәстүрлі әнді насихаттауда көп еңбек етті. Әттең, осындай ғажайып әнші есімінің ұлықталмай келе жатқандығы өкінішті! Сырғабектің айтқан сөзінің жаны бар. Кезінде Таласқа келгенде, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: – Әй, әлгі қазақтың әндерін нәшіне келтіре орындайтын бала қайда? – дейтін көрінеді. Бірде Алтынбек Оразбековтің елу жылдығына арналған үлкен іс-шара өткізілді. Тараз қаласында. Әлгі атақты алған жылы. Бардық. Сахнаға баяғының сал-серілерінше киінген Алтекеңнің бәйге аттай жұтынып шыға келгенін айтсаңызшы. Қолындағы домбырасының қос пернесін қағып-қағып жіберіп, зор даусымен Жарылғапберлінің «Шамасына» басты. Аһ, қандай дауыс! Микрофон деген атымен жоқ. Жанды дауыс үлкен залды кернеп, бойды шымырлатып, әуелеп барады. Баяғыда Әміре Қашаубаев Парижге барып ән салғанда, микрофон шақ келмеген дейді. Мынау Алтынбек те сол Әміре ғой... дедік... Әйтпесе, біз табынып жүрген «жұлдыздардың» көбі электр қуаты болмай қалса микрофон ұстап, абыржып аузын жыбырлатып қалатынын көрдік. Міне, содан бері де біраз жыл өтіпті. Тамаша әнші, жыршы, термеші Алтынбек Оразбеков ортамызда жоқ. Көзі көргендердің құлағында ғажайып үн қалғандай. Аңсайды. Қазақ әнінің «Құлагерін» аңсайды. Алақандарын жайып, шәлтіреңдеп тұрған әншілерді көріп, жүректері шайлыққан өнерсүйер қауымға әншіліктің құдіретін танытқан алпамсадай Алтынбек жетпей-ақ тұр. Бүгіндері экрандағы жорналшы, әртіс – түгел әнші ғой. Тірі болғанда 75-ті тойлар арқалы әншіні биыл еске алудың сәті түсіп тұр. Облыстық мәдениет және құжаттама басқармасы мен Талас ауданының әкімдігі әншіні еске алудың іс-шарасын жасап, есімін мәңгі қалдырудың жолдарын ойластырса, қазақ өнерінің абыройы асқақтар еді. Әншіге Қаратаудағы Балалар өнер мектебінің есімі берілсе дейміз. Және әнші атында байқау өткізілсе деген ұсыныс та бар.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Қаратау қаласы.